365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстауда тағы бір жел электр станциясы салынады

  • 243
  • UPD: 21:59, 24.07.2018

Жоба құны 60 млн долларға бағаланған.

Бұл қаражатты бөлетін инвесторлар да табылып отыр. Өңір басшылығы қаржыгерлердің бастамасын құптап, аймақтан арнайы жер телімін бөліп те қойды. Құрылыс жұмыстары алдағы тамыз айында басталады.

Қазақстанда жел электр стансасын салу – Сергей Парцикянның бағзы арманы. Ол сапалы қондырғыларды әзірлейтін шетелдік компания өкілдерімен кездескен соң, қуат таратқыш стансаны Маңғыстау облысында тұрғызған дұрыс деген тоқтамға келді.  Өйткені өңірде жел ұйытқып, дамылсыз соғып тұрады. Оның үстіне аймақта осы тектес жобалар бірен-саран.   

Сергей Парцикян, инвестор:

- Генераторларды құрастыратын инженелерді Қытайдан шақырттық. Олардың осы салада тәжірибесі көп. Ал станса құрылысына тек жергілікті жұмысшыларды ғана жұмылдырамыз. Бұл жобаға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді. Барлығы инвесторлардың қолдауымен жүзеге асады.   

Жел электр стансасы Түпқараған ауданында тұрғызылады. Қуаты 42 мегаватт болатын станса құрылысына 60 млн доллар жұмсалмақ. Қазірдің өзінде аймақ басшылығы қаржыгермен келісімге отырып 375 гектар жер телімін бөлген. Бос жатқан алқапқа 17 жел генераторы орнатылмақ. Ал стансаға қажетті жабдықтардың барлығы Қытайдан жеткізіледі.      

Хуан Чжэн, қытайлық компания басшысы:

- Біз жел электр стансасына қажетті қондырғылар әзірлеумен айналысамыз. Ресей мемлекетінен жиі тапсырыс қабылдаймыз. Ал Қазақстанға алғаш рет тың жабдықтарды жөнелткелі отырмыз. Жел электр стансасы салу, бірінші кезекте, экологияны жақсартуға бағытталған жоба. Өйткені ол қоршаған ортаны ластамайды, есесіне жұрт қауіпсіз қуат көздерін тұтынатын болады.     

Жаңа станса құрылысы тамыз айында басталады. Оны салуға 70 адам жұмылдырылмақ. Құрылысты 2019 жылдың жазында бітіру жоспарланып  отыр. Қолданысқа берілген кезде Маңғыстау облысын толықтай жарықпен қамтитын болады.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Саламат Бекбаев, Сержан Жұмабаев

Осы категория бойынша: « «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесі Бакуге жетті ШҚО-дағы Атом көлі демалушыларға қауіпті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы