368,28 419.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыдан шығарылған қоқыс үш гектар жерге жайылған

  • 219
  • UPD: 10:16, 27.07.2018

Алматы маңы қобырсып жатыр.

Қоқыс таситын компания өкілдері қала іргесіндегі Көксай ауылына қатқыл қалдықтарды төгіп, бос жатқан алқапты бүлдіріп тынған. Салдарынан 3 гектар аумақтан қазір аяқ алып жүру мүмкін емес. Осыны айтып, ауыл тұрғындары жергілікті әкімдік өкілдеріне талай рет шағымданған. Алайда округ басшылығы бұқара базынасына құлақ аспады. Іс насырға шапқан соң, аймақтағы прокурорлар тексеріске кіріскен.

Қатқыл қалдық таудай үйілген бұл төңіректен тұрғындар бет-аузын тұмшалап өтеді. Қоқыстан тараған қолаңса иіс қолқаны қауып, тынысты тарылтады. Мұндағы құрылыс материалдары да, картон қағаздары мен пластмасса бұйымдары да табан астында тапталып жатыр.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

– Қобырсыған қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Жақын маңдағы зауыттардан артылған қалдықтардың барлығы осында төгіледі. Бос жатқан алқапты пысықайлар осылайша қоқыс полигонына айналдырған.

Қара жерді қобырсытқандардың көбі қаладан келеді. Олар телім қожайындарына ақша төлеп, Алматыдан тиеген қалдықтарын еш именбестен төге береді. Ал жүк иелеріне ескерту жасап жатқан ешкім жоқ.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай бассыздық 10 жылдан бері жалғасып келеді. Жергілікті әкімдік бұқара базынасына құлақ аспаған соң, тұрғындардың өзі кіреберіске шлагбауым орнатып, маңдайша ілген. Алайда қоқыс төгушілер мұны да елемеген сынды. 

БЛИЦ:

– Шлагбаумды өз қаражатымыздан орнаттық. Одан кейін қарауыл қойдық. Ол қарауылға да өткен-кеткендер қоқан-лоқы көрсетіп, шлагбаумды сындырып, соңында істерге амалымыз қалмады.

– Мына жер өте сасық. Жолымызды камаздар құртып тастады. Қыстың кезінде жүре алмаймыз, жазда дұрыстап дем ала алмаймыз.

– Өртенгенде, иісі бұрқырап, біздің ауылға келеді. Бала-шаға далаға шыға алмайды.

Бұл бассыздықпен күресуге ауыл әкімдігі де дәрменсіз. «Олар қоқыс төгушілерге бірнеше мәрте ескерту жасаумен ғана шектелдік», – дейді. Жұмыстарына салғырт қараған соң, өздері де айыппұл арқалаған.

Ескендір Егеубеков, Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары:

– Жергілікті әкімшілік тарапынан шара қолдана алмай отырмыз. Экология бөлімі оларға айыппұл салған. Уақытылы анықтамағанымыз үшін бізге де салынған.

Әкімдіктен қайыр болмаған соң, іске өңір прокуратурасы араласты. Олар «Алматы облысында мұндай орындардың 100 шақтысы бар», – дейді. Қазір айыпты адамдар ұсталып, оларға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

Нұрболсын Мақашев, облыстық прокуратураның аға прокуроры:

– Тексеру нәтижесінде, жергілікті атқару органдарына және уәкілетті органдардың атына 16 прокурорлық ықпал ету актілері енгізілді. 100-ден астам лауазымды тұлғалар әр түрлі жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 2 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.

Қазір Алматы облысында заңды жұмыс істейтін 12 қоқыс полгоны бар. Өңір басшылығы қатқыл қалдық көлемі жыл сайын ұлғайып жатқан соң, оларды сұрыптап, өңдейтін 16 кешен тұрғызуды жоспарлап отыр. Ал зауыттардың құрылысы келер жылы басталады.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Нұрдәулет Жақсыбаев

Осы категория бойынша: « Ақтөбеде 20-ға жуық көпқабатты үй коммуналдық мекеменің есебіне тіркелмеген ШҚО-ның коммуналдық компаниялары тарифпен шыққан артық төлемді тұтынушыларға қайтарады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы