367,27 419.40 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жыл басынан бері отандық санитарлық авиация мамандары мыңнан астам адамның өмірін құтқарған

  • 145
  • UPD: 14:44, 27.07.2018

Ағымдағы жылы еліміздегі санитарлық авиация мамандары мыңнан астам адамның өмірін құтқарып қалды.

Олардың 150-і – жаңа туған нәресте. Соңғы 6 ай ішінде дәрігерлер ел тұрғындарына шұғыл медициналық жәрдем көрсету үшін көкке 982 рет көтерілді.

Қазір еліміздің санитарлық авиация паркінде 37 әуе көлігі бар. Олар күніне кейде 10-15 рет көкке көтеріледі. Мамандар көбіне нәрестелерге, жарақат алғандарға және жол апатына түскендерге жәрдем береді. Сәбиі ауыр дертке шалдыққан шымкенттік Айгүл Өтешова да аяқ астынан осы мамандардың көмегіне жүгінді. Жас босанған ананы санитарлық авиация дереу Астанаға жеткізіп, қажетті операция жасалды.

Айгүл Өтешова, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Аяғым ауыр кезде Шымкентте болдым. Денсаулығында ақау бар екенін айтпады. Сосын Қызылордаға келіп, осында білдім. Бір күннен кейін дәрігерлер алып кетті. Жағдайы жақсы. Операция жақсы өтті. Балам қасымда.

Өткен жарты жылда санитарлық авиация мамандары құтқарған науқастардың 17 пайызы – түрлі дертке ұшыраған нәрестелер. Бұл бүлдіршіндердің салмағы көбіне 1 келіге де жетпейді. Сол себепті әуе бортында неонатолог және реаниматологтың болуы міндет. Олар баланың тынысы, жүрек жұмысы мен температурасын қадағалап отырады.

Талғат Ибраев, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ балалар реанимациясының меңгерушісі:

– Орталыққа санитарлық авиация арқылы жеткізілетін балалардың 30 пайызы жүрек ауруларына шалдыққан. Біз оларға шұғыл түрде операция жасауға тиіспіз. Одан кейін нәресте толық сауығып кететіндіктен, бұдан былай мұндай операцияны өткізудің қажеті болмайды. Мәселен, Қызылордадан жеткізілген бала бізде 10 күн болады. Кейін біз оны туған қаласына жібереміз. Болашақта оның денсаулығын жергілікті дәрігерлер бақылауда ұстайды.

Ал бала тым ауыр халде болса, санитарлық авиация қажетті дәрігерлердің өзін сол жерге апарады. Сондай-ақ олар шетелде ем қабылдап жатқан, өздігінен жүре алмайтын науқастарды Қазақстанға жеткізеді. Былтыр мамандар Түркия, Таиланд, Швейцария, АҚШ мемлекеттерінен 46 отандасымызды елге аман-есен алып келген.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ербол Дайыров

Осы категория бойынша: « Павлодар облысында ауызсу мәселесі оң шешімін таппақ Шымкентте алаяқтықпен айналысқан азаматша ұсталды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы