368,46 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында кәсіпкерлік саласына күш салынуда

  • 347
  • UPD: 08:44, 29.07.2018

Түркістан қаласы 3 бағытта дамуда.

Олар: ауылшаруашылық, кәсіпкерлік пен өнеркәсіп, және туризм салалары. Шаһар көне Жібек жолының бойында орналасқан соң мұндағы сауда-саттық, жалпы кәсіпкерлік саласы қарқын алған. Өңірлік өнімнің де үлесі 30 пайыздан жоғары. Түркістанда қазірдің өзінде 13 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс жасайды.

Түркістан десе, әуелі көз алдымызға туризм, яғни Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Сауран секілді ескі қалашықтардың елестейтіні қақ. Ал қазір облыс орталығы саналатын шаһар жаңа бағытта дамуды көздеп отыр. «Ол үшін ең әуелі кәсіпкерлік саласы мен өнеркәсіпті өркендету қажет», – дейді жергілікті билік. Өңірдегі индустриалды аймаққа қазір кеңінен көңіл бөлініп, 15 жоба қолға алынған. Солардың бірі – жиһаз фабрикасы. «Түркістандық шеберлердің қолынан шыққан жиһаздарға сұраныс мол», – дейді кәсіпорын басшысы. Еліміздің 10 облысына жөнелтілген тауарлар енді Ресейге де экспортталуда.

Әміржан Ысқақов, жиһаз фабрикасының директоры:

- Біз шикізатты Ресейден алдырамыз. Бөлшектерін Қытайдан алдырамыз. Қытайдан көп алған соң арзан түседі. Бұрын осы жерден алатынбыз. Енді күніне 100 гарнитур шығарамыз. 60 жинақ асүйдікі болса, 40 кжинақ жатын орындікі. Ал жылына 30-35 мың комплект гарнитур шығарамыз.

Негізінде Түркістанда сауда-саттық жақсы дамыған. Мұны қала ішіндегі сауда орталықтарының көптігінен де байқауға болады. Шаһар халқының басым бөлігі де осы базарды жағалап, кәсіп етіп күн көреді. Ал еліміздің батыс аймақтарынан келетін саудагерлер тауарларды өз облыстарына осы Түркістаннан тасиды. Себебі Түркістан – тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистралі да шаһарды бойлай өтеді. Сондай-ақ теміржол қатынасы да қарқынды десек болады. 

Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі:

- Түркістанды базарлардың қаласы деп айтып жатады. Логистикалық қала деп те айтсақ болады. Жібек жолының күре тамырында орналасқан қала. Ал кәсіпкерлік саласында қызмет етіп жүргендер, сүт өнімдерінен балмұздақ шығару, қазақтың айранын, сары майын, ірімшігін шығарып жатқан цехтарды былтыр қостық. Оны алдағы уақытта үлкейтуді жоспарлап отырмыз. Яғни Елбасының қабылдаған мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіпкерлерге жалпы толығымен қолдау көрсетіліп, жұмыстар жасалынып жатыр деген сөз.

Түркістан – сауданың ғана емес, темір мен ағаштан түйін түйген шеберлердің де ордасы. Атадан балаға мирас болған ағаштан бесік, сандық жасайтын қолынан өнер тамған жандар көп мұнда. Солардың бірі – Абдуманап Зупаров. Шағын кәсіпкерлікті қолға алған ол өз үйінің ауласындағы цехында бесік дайындайды. Шебер күн сайын 1-2 бесік жасап базарға шығарады. Бір кездері Абдуманап жасаған бесіктер шетелге де жөнелтіпті. Бұл ісімен ағаш ұстасы тоқмейлінсінбейді. Алға қойған жоспары да жетерлік.

Абдуманап Зупаров, шебер:

- Кәсібімді кішкене үлкейтсем, кеңейтсем деймін. Үлкен-үлкен цех құрып, бесікті көбірек істеп дегендей. Базарда өз орным бар. Соны апарып сатып дегендей.

Облыс орталығы болған Түркістанда өндірісті өркендетуге де көңіл бөлінбек. Индустриалды аймақ 300 гектарға ұлғайтылып, ол жерлерге оннан аса зауыт-фабрика салу жоспарда бар. Ал негізгі мақсат – қалаға инвестор тарту. Шетелдік компаниялар қызығушылық білдірсе, аймақта бос жұмыс орындарының да көбейетіндігі анық.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов  

Осы категория бойынша: « 2020 жылдан бастап кез келген адам гепатитке қарсы тегін екпе алуға құқылы болмақ Қызылорда облысында 146 елді мекен аумағы өзгертіледі »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы