365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында цифрлық сауаттылығын арттыруға ұмтылатын зейнеткерлер көп

  • 172
  • UPD: 17:58, 30.07.2018

Қостанай облысында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде ашылған оқыту курстарына қатысушылар саны артып келеді.

Атап айтсақ, Федоров ауданында екі айға жуық уақыт ішінде сексеннен астам тұрғын дәріс алған. Олардың арасында зейнеткерлер де бар.

Федоровтағы цифрлық сауаттандыру шаралары Димитрев орта мектебінен бастау алды. Аудандағы тұңғыш жаңа технологиялар кабинеті де осында ашылған болатын. Халықты оқыту курстары да мектеп базасында ұйымдастырылды. Себебі білім ошағы қажетті алғышарттармен толық қамтылған.

Дмитрий Садовский, дәріс беруші:

- Дәрістер компьютерді үйретумен басталады. Одан әрі «электронды үкімет» порталын қолдануды, қажетті ақпарат, құжаттарды қалай алу жолдарын, кеңселік бағдарламаларды үйретемін. Жазба құжаттармен жұмыс істейміз.

Алғашқы сабақ маусым айында басталды. Әуелде 8-9 адам ғана келсе, қазір қатысушылар саны екі есе көбейген. Мәдина Қойшыбаева 54 жаста. «Заман ағымынан қалуға болмайды. Дәрістер тегін. Электронды қызмет түрлерін қолдануды үйренуге келдім», – дейді ол.

Мәдина Қойшыбаева, Федоров кентінің тұрғыны:

- Мүмкіндігімді пайдаланып осы аудандағы беріліп жатқан, өтіп жатқан іс-шараларды көргім келді. Өзім іс жүзінде көріп, қолыммен ұстап көрсем деймін. Әлі де жалғастырамын деп ойлаймын. Алатын нәрселер көп және жеке пайдама керек.

Оқыту аптасына 1 рет өтеді және ол тамыз айының ортасына дейін жалғасады. Қатысушылардың дені егде жастағылар, қарапайым жұмыскерлер. Аудан тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыруға жергілікті белсенді жастар да өз үлестерін қоспақ.

Арман Алпысбаев, Федоров аудандық «Жастар бастамаларын қолдау» мекемесінің директоры:

- Цифрландыру аясында біздің «Компьютерді  еркін біл» жобамыз жеңіске жетіп, қайтарымсыз 1 млн теңге ұтып алдық. Негізгі мақсатымыз – тұрғындар арасындағы цифрлық сауатсыздықты азайту. Халықтың барлық тобын қамтитын боламыз.

Жастар орталығының жұмысы тамыз айының ортасында басталады. Қазіргі сәтте қажетті жабдықтар сатып алынып жатыр. Бұл жерде жыл соңына дейін екі мың адамды компьютерлік курстарда тегін оқыту көзделген.

Авторлары: Абылай Мауданов, Сергей Трахтенберг

Осы категория бойынша: « БҚО-да сот шешімімен үш сауда орталығы жабылды Үкіметтік емес ұйымдарға 15 аталым бойынша сыйақы беріледі »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы