365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысындағы Шаян елді мекеніне алғашқы кәріз жүйесі орнатылуда

  • 247
Түркістан облысындағы Шаян елді мекеніне алғашқы кәріз жүйесі орнатылуда

Түркістан облысы Бәйдібек ауданының орталығы енді шаһардан еш айырмашылығы жоқ десе болады.

Шаян елді мекені осы уақытқа дейін тәулік бойына ағатын таза ауызсумен қамтылса, екі жыл бұрын орталыққа көгілдір отын жеткізілді. Ал енді аудандағы үйлер орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмақ. Қазіргі таңда құрылысы басталған кәріз жүйесінің құбыры аудан орталығындағы 12 көшеге жүргізілуде. Оған облыстық қазынадан қомақты қаржы бөлінген.

Аудан орталығында тұратын Сапарәлі Сүлейменов бұрындары үйінен шыққан шайынды суды құдық қазып, сонда жіберетін. Қазір есігінің алдынан кәріз жүйесінің құбыры жүргізілуде. Ол сарқынды суды реттеп отырады.

Сапарәлі Сүлейменов, Бәйдібек ауданының тұрғыны:

– Бұрын септик қойып, әркім әрқалай пайдаланатын. Ағып жатқан суларымызды әр жерге төгетін едік. Қазір жақсы болды.

Бәйдібектің орталығы Шаянда 1637 түтін бар. Онда 10 мыңға жуық халық тұрады. Бұрын аудан тұрмақ, орталықта кәріз жүйесі болмаған. Енді осы олқылықтың орнын толтыру үшін құрылыс қарқын алған. 12 көшеге әуелі құбыр тартылып, келер жылы ол үйлерге қосылады. Жұмысты атқарып жатқан мердігер мекеме кәріз жүйесінің сапасына 7 жыл кепіл береді.

Бақыт Ысқақов, Бәйдібек аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:

– Нысанның құны – 1 миллиард 39 мың ақша. Биылға қаралғаны – 300 миллион. Бөлінген қаржының 100 миллионы игерілді. 24 шақырымға құбыр салыну керек болатын. Жоспар бойынша жұмыстарды атқарамыз. Сонымен қатар құбыр жүргізілген жерлерге асфальт төселінетін болады.

Мұнан бөлек, ауданның 9 елді мекеніне таза ауызсу тартылуда. Ал табиғи газ биыл 8 нысанға берілмек.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Осы категория бойынша: « Атырау облысына қарасты Азғыр аймағына табиғи газ құбыры тартылуда Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне көне сандық тарту етілді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы