368,28 419.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда тегін жағажайдың жоқтығы оқыс оқиғалардың жиілеуіне себеп болуда

  • 167
  • UPD: 14:15, 01.08.2018

Қазақстанның батыс қақпасы саналатын Орал қаласы табиғаты тамаша жерде орналасқан. Шаһарды айнала Деркөл, Шаған, Жайық секілді үш өзен қоршап жатыр. Алайда осы табиғат байлығының қызығын тұрғындар толықтай көре алмай келеді.

Облыс орталығында бірде-бір тегін жағажай жоқ. Жаздың аптабында суға түскісі келгендер ақылы орындарға барып қалтасын қағуға немесе «жабайы» жағажайларда шомылуға мәжбүр. Салдарынан түрлі қайғылы оқиғалар да жиілеп тұр.

Гүлайым Қожантаева немерелерін ертіп, қалалық саябаққа жиі келеді. Өзге де тұрғындар тәрізді шілденің шіліңгір ыстығында өзеннің қоңыр салқын суынан сая табады. Алайда тегін шомылуға тоқымдай ғана жер қалыпты. Қалған жағалауды ала қойды бөле қырыққан саябақ басшылығы кәсіпкерлерге жалға беріп жіберген. Ол жаққа кіру үшін енді кісі басына 400 теңгеден 1000 теңгеге дейін төлеу керек.

Гүлайым Қожантаева, қала тұрғыны:

– Ыңғайлы, шешінетін жер жоқ. Бір-бірімізді тасалап тұрып киініп, шешінеміз. Ақылы жағажайға бару үшін бір-екі адам емеспіз, немере-жиендеріміз бар, ауылдан келгендері бар, оның бәрін қалта көтермейді.

Нұргүлсім Жасұланқызы, қала тұрғыны:

– Ешқандай жағдай жасалмаған. Киім ауыстыратын жер жоқ. Көңіліміз толмайды.

Тегін шомылатын орынның өзін саябақ басшылығы емес, балаларға жаны ашыған төтенше жағдай департаменті қызметкерлері жасапты. Олардың мәліметі бойынша, өңірде 15 жағажай бар. Алтауы облыс орталығында. Барлығы да ақылы. Қалтасы тайыздар рұқсат етілмеген жерден суға түсуге мәжбүр. Ондай «жабайы» жағажайларда құтқарушылар бекеті де жоқ, судың түбі де зерттелмеген.

Алексей Еремеев, ТЖД жедел құтқару жасағының суға сүңгу-құтқару қызметінің басшысы:

– Жағажай ұйымдастыруға көп қаржы керек емес. Судың терең жеріне жібермейтін қоршау мен киініп-шешінетін орын, дәретхана, қоқыс контейнерлері қойылса, құм төселсе жеткілікті. Өзеннің астын өзіміз зерттеп береміз. Сонымен қатар Ішкі істер министрінің бұйрығы бойынша дәрігерлік пункт пен тәртіп сақтайтын патрульдік қызмет болуы тиіс.

2015 жылы бекітілген судағы қауіпсіздік ережесіне сәйкес шомылу орындарын белгілеп, жабдықтау атқарушы органдарға жүктелген. Бұйрыққа сай өңірде биыл осындай 69 орын белгіленіпті. Соның бесеуі Орал қаласында.

Марат Машекенов, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Қалалық әкімдік немесе аудан әкімдіктері сол орындардың жайластыруын немесе біреуге уақытша беруін ұйымдастырып, сондай қызметтер жасауға тиісті. Дегенмен көпшілігі бұл жұмысты жасамай жатыр.

Осы мәселеге байланысты қала әкімдігінің пікірін білмек болғанбыз. Баспасөз қызметі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне жіберсе, олар мәдениет бөліміне сілтеді. Айналғанда, жауап алар жауапты тұлға таппадық. Өз кезегінде өңірде суға кеткендер саны күн санап көбеюде.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Осы категория бойынша: « ШҚО-ға қарасты Мақаншы ауылында күннен қуат алатын мешіт бар Бакуде «Теңіз кубогы-2018» байқауы басталды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы