367,27 419.40 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысындағы оқушылар бірыңғай мектеп формасына көшеді

  • 491
  • UPD: 11:48, 02.08.2018

Атырау облысындағы орта мектептер биылғы жаңа оқу жылында бірыңғай мектеп формасына көшеді.

Бұған дейін мұнайлы өңірдегі 200-ге тарта білім ордасының оқушылары қалауына қарай киініп келген болатын. Бірақ әркелкі киім үлгісі ата-аналардың ренішін туғызып келді.

Көк түсті габардин матадан тігілген мектеп формалары көздің жауын алады. Бұлар әр баланың жеке талғамына және түр-тұлғасына лайықталып тігіліп жатыр. Бірыңғай мектеп формасы өңірде биыл ғана қолға алынған қанатқақты жоба болғанымен, ата-аналардың көңілінен шығып отыр. «Бұл, әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін тиімді», – дейді ата-аналар.  

Бейбітгүл Қажахметова, ата-ана:

- Өте сапалы киімдері, базарға қарағанда кішкене қымбаттау. Бірақ базарда арзан болғанымен, оның сапасы шамалы. Бір-екі жуғаннан кейін оның тігістері кетеді, ұзынды-қысқалы болып қалады. Алда осындай біркелкі киім болса екен.

Бірыңғай мектеп формасына көшу мәселесін ата-аналар көтерген болатын. Мамыр айында өткен жалпы ата-аналар жиналысында осы киім үлгілері мақұлданған. Перзентін қайдан, қалай киіндіру әр ата-ананың өз қалауы. Дегенмен ортақ талап та сақталуы тиіс.

Алмагүл Қайырлиева, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы:

- Мектеп формасын кез келген ателье, өндірістік орындардан тіктіре аласыздар. Сауда орталықтарынан да сатып ала аласыздар. Ісмер ата-аналар өздері де тіге алады. Бірақ бірыңғай мектеп формасының ұсынылған үлгісі сақталуы керек.

Бүгінде облыстағы тігін шеберханалары тапсырысты уақтылы орындауға бар күштерін салып жатыр. Себебі жаңа оқу жылының басталуына 1 айдай ғана уақыт қалды.

Ербол Қайранбаев, тұрмыстық қызмет көрсету үйі директорының орынбасары:

- Бірыңғай мектеп формасының тапсырысы көбеюіне байланысты біз штатымызды 50 пайызға өсірдік. Бүгінгі күні бір ауысымда жұмыс істейміз. Бірақ егер тапсырыс көп болса, екі-үш ауысымда жұмыс істеуге дайынбыз.

Жаңа мектеп формасына мұнайлы өңірдегі 193 орта мектеп түгел көшуі тиіс. Қазір негізінен жаздық формалар дайындалып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жыл бойы жалғасады. Мақсат – әркелкі киім үлгісінен арылып, ортақ формаға көшу. «Бірыңғайлылық сәби санасына да оң әсер етеді», – дейді мамандар. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Осы категория бойынша: « Түркістан облысында 12 апатты мектеп бар Ақтөбе облысында мал ұрлығы өршіп тұр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы