367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздегі медициналық мекемелер рейтингі жарияланды

  • 250
  • UPD: 14:25, 03.08.2018

Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы еліміздегі медициналық мекемелердің рейтингін жария­лады.

Емдеу орталықтарына клиникалық қызмет және менеджмент бағыты бойынша баға қойылды.

Отбасында ауру-сырқау болмай тұрмайды. Жас ана Баян Әмірова  аракідік болса да емханаға бас сұғып тұрады. Заман ағымына сай медициналық қызметтің сапасы айтарлықтай дамыған, - дейді ол. Алайда көңіл көншітпейтін жағдайлардың болатыны рас. 9-шы емханада тіркелген ана кей дәрігерлердің кәсіби біліктілігіне күмәнмен қарайды.

Баян Әмірова, қала тұрғыны:

- Біз дәрігердің көмегіне жүгінген кезде ол ғаламторды ашып, біздің мәселемізге ұқсас жазбаларды қарай бастады. Бұл деген масқара емес пе? Ақ халат киген адам интернетсіз де барлығын білуі керек. Дәрігерлердің қызметі өте маңызды. Өз кезегінде олар жұмысына мұқият болып, жауапкершілікпен қарағанын қалаймын.

Мәселенің мән-жайын білу үшін 9 емханаға хабарласқан едік. Алайда, мамандар өз қызметтеріне байланысты қандай-да бір пікір білдіруден бас тартты. Соңғы деректер бойынша, олар клиникалық көрсеткіште 3 және менеджмент бағытында 2 жұлдызды иеленген. Ал 6-емханада бар болғаны бір жұлдыз. Өз кезегінде мекеме өкілдері олқылықты болдырмауға тырысады.

Тамара Досан, №6 қалалық емхана ішкі аудит бөлімінің басшысы:

- Егер де ауызша шағым болса менің кабинетімде шешіледі. Ал егерде жазбаша болса ол басшының кабинетіне хат арқылы жазылады. Содан кейін колл центріміз бар қалалық. Соның шағымдары келіп түссе сол шағымдарды шешуге тырысамыз. Бізде қазір бұрынғыдай көп адамдардың бір жерде жиналуы азайтылды. Бәрі әрбір кабинеттің алдында жазу бойынша келіп тұрады.

Биыл Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы еліміздегі медициналық мекемелердің рейтингін жария­лады. Оған республика бойынша мемлекеттік және жекеменшік санаттағы 550-ден астам ұйым қатысты. Емдеу орталықтары клиникалық қызмет және менеджмент бағытымен бағаланған. Өкінішке орай, екі талап бойынша бес жұлдызға Орал қаласындағы номері 4-мемлекеттік емхана ғана қол жеткізді. Қалғаны клиникалық жағынан жақсы көрсеткіш көрсеткен. Ал менеджмент деңгейіне байланысты «бес жұлдызға» жауап беретіндері саусақпен санарлық болып шықты.

Айнұр Айыпханова, Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры:

- Менеджмент көрсеткіштерінің ішінде дәрігердің орташа жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан бір жарым есе жоғары болуы керек. Оны жасаса бас дәрігер сол үшін біз жоғары балл береміз. Немесе клиниканың әлеуметтік желідегі өзінің жеке ашқан беті болуы керек немесе веб сайты болуы керек. Және де медициналық электронды жүйесін енгізу керек.

Саланы дамыту мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры «Халықтық бақылау» мобильді қосымшасын іске қосты. Енді ел азаматтары медициналық мекемелердің қызметіне баға қойып, өз шағымдарын қалдыра алады. Былтырғы жылдың қараша айынан бастап жұмыс істейтін қосымшаны бүгінде 7 мыңға жуық адам жүктеп алған.

Зәбира Оразалиева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры:

- Халық тарапынан ең үлкен наразылық тудыратын сұрақ ол кезек күту. Көбіміз кезекте тұрғымыз келмейді. Сондықтан орнымыздан тұрып ақылы кезек жоқ жерде өтіп келуге тырысамыз. Бір терапевтің басына учаскіде 2500-нан аспауы керек тіркелген азаматтардың саны. Ал, қазіргі таңда 3 мыңға дейін жетіп жатыр. Өйткені халық саны бар, артып жатыр күннен күнге, ал дәрігерлер саны айтарлықтай көбейіп жатқан жоқ.

Енді мобильді қосымша нәтижелері бойынша күзде тағы бір рейтинг жасалады. Оның қорытындылары ғаламтор беттерінде жарияланбақ. Осылайша ел тұрғындары рейтинг нәтижесімен егжей-тегжейлі танысып, өзі қалаған мекемеге тіркелу мүмкіндігіне ие болады.

Осы категория бойынша: « БҚО-да дәрігерлер тапшылығы байқалып отыр Ақтаудағы инвесторлар құқығын қорғау жөнінен келісім жасалды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы