371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында халықаралық «Теңіз-2018» оқу-жаттығуы аяқталды

  • 285
  • UPD: 21:45, 03.08.2018

Маңғыстау облысында Каспий маңы елдерінің құтқарушылары тәжірибе алмасқан «Теңіз-2018» оқу-жаттығуы аяқталды.

Екікүндік шара кезінде Ресей, Әзербайжан, Иран Ислам Республикасы мен қазақстандық мамандар кәсіби шеберлігін көрсетті. Халықаралық жаттығуға Катар елінің өкілдері бақылаушы ретінде қатысты. 700-ге жуық маман, 75 түрлі техника жұмылған шараның екінші кезеңі Түпқараған ауданындағы Баутино портында өтті.

80-ге жуық арнайы техника порт жиегіндегі тасжолда қаз-қатар тізіліп тұр. Әр машинаның қай елден келгенін кабинаға ілінген жалаудан байқауға болады. Көлік экипаждары жаттығу алды даярлықтарын тексеріп, командир нұсқауын күтіп тұр.

Сапта тұрған 11 жігіт – Форт-Шевченко қаласына жұмыс сапарымен келген қызылордалық құтқарушылар. Олар былтыр өндіріс орнында газға тұншыққан 3 адамның өмірін құтқарып қалды.

Бақыт Игембергенов, «Оңтүстік» өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының командирі:

- Жұмысшылар ішіне аппаратсыз кірген. Соған байланысты 7 адам уланып қалған. 3 адамды тірі алып шықтық. Қазір бізге берілген тапсырмамыз – химия этапы. Жарты сағаттың көлемінде адамдарды аман алып шығуымыз керек.

Штабтан пәрмен жеткен бойда көлік колоннасы екіге бөлініп, орнынан қозғалды. Бір бөлігі жер сілкінісінен қираған химиялық қауіпті нысандардан 12 адамды құтқаруға жұмылды. 10 тоннадан аса улы заттар төгілген аумаққа тікұшақтан залалсыздандырғыш сұйықтық шашылды.

Құтқару жұмыстары құрлықтан бөлек теңіз бетінде де жүргізілді. Кемеде және жылжымалы бұрғылау қондырғысында өрт шықты. Жалын өрт сөндіргіш машиналар, су атқылаушы тікұшақтар мен корабльдердің бірлесе әрекет етуіне байланысты тез басылды. Тілсіз жаудың бетін қайтаруда БЕ-200 ұшақ пилоттарының шеберлігі ерекше көзге түсті.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Кешенді оқу-жаттығуа қатысқан Каспий маңы елдерінің құтқарушылары әдеттегідей жұмыла әрекет етті. Жауапты міндет салмағын бір кісідей жұмыла көтерген мамандарға ризамын. Бақылаушы ретінде қатысқан катарлықтар да шара қорытындысына жоғары баға беріп отыр.

Жаттығу кезінде теңіз толқыны шайған порт кешендерінен халықты қауіпсіз жерге шығару, су сору және уақытша бөгет салу жаттығулары да сәтті аяқталды.

Дәл осындай кешенді оқу-жаттығу былтыр Ресей Федерациясы мен Әзербайжан Республикасында өткен еді. Биыл эстафетаны қазақ елі қабылдап отыр. Ендігі шара келер жылы Каспий маңындағы тағы екі мемлекет Түрікменстан мен Иран Ислам Республикасында өтеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Мирас Нарымбет

Осы категория бойынша: « Елімізде ешқандай мешіт сүрілмейді Түркістан облысына 170 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы