365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылордалық қауын-қарбызға сырт елдерден сұраныс артуда

  • 332
  • UPD: 07:58, 04.08.2018

Сыр өңірінің қауыны мен қарбызына соңғы жылдары сырт елдерден сұраныс артқан.

Мәселен, өткен жылы қызылордалық диқандар 5 мың тоннадан астам қауын-қарбызды жақын шетелдерге экспорттады. Ал биыл бұл көрсеткіш еселеп артуы мүмкін.

Жайылманың қарбызы жарты әлемге танымал. Жарты ғасырдан бері жерден несібе терген жергілікті жұрт осылай мақтанады. Расында Жаңақорғандағы аядай ауылдың тәтті өнімі сырт елдерге молынан сатылуда. Тіпті ресейліктер алқап басынан жиып-теріп кетіп жатыр екен. Диқандар  еңбегінің еселеп қайтқанына қуанышты.

Алпысбай Табылдиев, диқан:

– Қарбызға Ресейден сұраныс көп. Бұрын жолдың шетінде сатылатын еді. Қазір шетелдіктер тонналап әкетіп жатыр.

Жайылмалықтар жыл сайын 500 гектарға бақша егіп, одан 10 мың тоннадай өнім жинайды. Қарбызды кәсіп қылғандар өнімді еселеудің жолдарын да тапқан. Ең бастысы түрлі химиялық дәрі-дәрмексіз, табиғи тазалықты сақтап отыр. Мәселен, Абай Көрпебаев биыл «Фарао Ф1» тұқымын еккен. Гектарынан 60 тонна өнім алған ол жаңа сұрыптың сапасы өте жоғары болғанын айтады.

Абай Көрпебаев, диқан:

– Салмағы негізі 35 келіге дейін барады. Ал мен еккендер 25 келіге дейін. Сосын ішінің түсі мына біздің жеп жатқан қарбыздардан бөлек болады. Дәмі де өзгеше.

Мамандар биылдан бастап сырттан сұраныс артқан бақша өнімдерінің экспорттық көлемін нақты есепке алуға кіріскен. Өйткені Әзербайжан, Тәжікстан және Ресейден келіп, қауын-қарбызды алқап басынан тікелей саудалаушылар көбейген. Ал оның нақты есебін шығару қиынға соғатыны белгілі.

Пірмұхамед Сыздықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а:

– Көп жағдайда қауын-қарбыз өнімдері статистикаға онша тіркеле бермейді. Енді жүйелендіріп жатырмыз. Биылға 5 айдың қорытындысы шығып отыр. Қазір 16 млн АҚШ долларына өнім шықты. Бұл былтырғы жылдың кезеңімен салыстырғанда, 48 пайызға артық.

Жалпы мамандар соңғы жылдары аймақта экспортталатын өнімдердің түрлері мен көлемі айтарлықтай артқанын айтады. Мәселен, соңғы 5 жылда өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің сырт елдерге сатылу көлемі 2 есеге ұлғайған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Осы категория бойынша: « Жамбыл облысында марихуана дайындаушы ұсталды СҚО кәсіпкерлері халыққа үздік тауарларын ұсынды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы