365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Зерендіге жыл сайын 100 мыңға жуық турист келеді

  • 244
  • UPD: 13:44, 05.08.2018

Ақмола облысының Зеренді ауданында соңғы жылдары туристік нысандар қатары көбейіп келеді.

Табиғаты әсем өлкеде жыл сайын бірнеше демалыс орны ашылады. «Ал келесі жылы Щучинск-Зеренді тасжолы іске қосылса, туристердің де қатары едәуір артады», – дейді сала мамандары.

Бұл демалыс орны Зеренді көлінің жағасынан жақында ғана ашылды. Нысан негізінен отбасылық тынығуға арналған. Кәсіпкердің айтуынша, қазір Зерендіде туризм саласындағы бизнесті дөңгелетіп алып кету оңай емес. Себебі бұл өлке аса танылмаған. «Бірақ туристерді тартып, қонақтардың көңілінен шығу үшін қолдан келгенше аянып қалмаймыз», – дейді.  

Мұрат Қапарғазин, демалыс орнының техникалық директоры:

– Осы нысанға салған қаражатымызды ақтап алу үшін біз қысы-жазы жұмыс істейміз деп шештік. Қыста мұз қалашығы мен сырғанақ тұрғызамыз. Мүмкін басқа да қызмет түрлерін ұсынармыз. Жеріміз жетеді. Әйтеуір, бір орында тоқтап қалмауымыз керек. 

Қазір аудандағы 38 туристік нысанның жартысына жуығы қыста да «қонақ күтуге әзірміз», – дейді. Себебі бұл өлкенің табиғаты Бурабайдан кем емес. Жылдың қай мезгілінде болсын, келушілерді тамсандыра алады. Яғни туристік әлеуеті өте зор. Тек осы мүмкіндікті ұтымды пайдалана білу қажет.

Күлия Бексұлтанова, Зеренді аудандық туризм бөлімінің жетекшісі:

– Туристерге көрсетілетін қызмет түрлерін көбейтуіміз керек. Келген меймандар ішіп-жеп, көлге шомылумен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Түрлі ойын-сауықтар ойлап табуға болады. Қысқасы, туристерді тарту үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. 

Ал бұл тұста тынығу үшін Зерендіні таңдаған туристердің де өз айтары бар.

Айдар Жағданов, демалушы:

– Біріншіден өте таза жер. Табиғаты да тамаша. Бірақ осы тамаша табиғатымызды бағалап, дамыту керек. Неге десеңіз, бәрі Бурабайға ағылады. Білемін, ол – көркем жер. Бірақ Зерендіні де көркем қылып істеуге болады. Адам баласына не керек, соның бәрі бар.

Мәриям Жақыпова, демалушы:

– Мұнда келген турист ең алдымен оған қызмет көрсететін адамдардан жылулық күтеді. Қонақтарды құшақ жая қарсы алып, күліп шығарып салу қажет.

Жалпы Зерендіге жыл сайын 100 мыңға жуық турист келеді екен. Ал мұндағы демалыс орындары тәулігіне 2 мың адамға дейін жатын орын ұсына алады. Бұл әзірге сұранысты өтеуге артығымен жетеді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Осы категория бойынша: « ШҚО-дағы бір ғасырдан астам тарихы бар мешіт құлаудың алдында тұр Түркістан облысындағы петроглифтер қамқорлықты қажет етеді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы