367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында көлік салығын төлеуден жалтарғандар жазаланды

  • 500
  • UPD: 15:22, 06.08.2018

Алматы облысының Қарасай ауданында қозғалтқышының көлемі үлкен қымбат көлік иелерінің салықтық қарызын төлемеу дерегі жиілеп барады.

Бүгінде аталған аудандағы 14 мыңға жуық жеке тұлғаның,.. салық органдары алдындағы берешегі 400 млн теңгеге жеткен. Сол себепті мемлекеттік кірістер басқармасы мен аудандық ішкі істер бөлімі және жеке сот орындаушылар бірлесіп, арнайы рейд ұйымдастырды.

Қарасай ауданы бойынша 13 мың 800 жеке тұлға көлік салығын төлемеген. Соның ішінде 58 азамат ерекше назарда. Олардың әрқайсының берешегі 500 мың теңгеден жоғары. Салықтан жалтаратындар жол талғамайтын қымбат көлік иелері. Жыл басынан бері бұл ауданда 416 млн. теңге қарыз өндірілген. Мәселен, бүгінгі рейд барысында 4 автокөлік тәркіленді. Соның екеуі қордаланып қалған 2 млн теңге көлеміндегі қарызын бірден төлеп тастады. Қалған екеуі айыппұл тұрағына жөнелтілді.

Айдын Сауданбеков, Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы:

- Салық Кодексіндегі соңғы өзгерістерге сәйкес, салық органдары салық бұйрығын шығарып, тікелей сот орындаушыларға құжатты жібере аламыз. Ал сот орындаушылары борышкерлердің мүлкін тәркілей алады. Тек ғана автокөлік емес, басқа да мүліктерін тәркілейді. Шетелге шығуына тыйым салынады және банктік есепшоттарға үкім қойылады сол қарызды өндіру мақсатында.

Демек, салық органдарының алдында қарызыңыз болса, шекара асып, шет мемлекетке шыға алмайсыз. Есеп-шотыңыздың бұғатталуы арқылы да бірқатар кедергілерге тап боларыңыз анық. Сондықтан темір тұлпарларыңызбен қатар, өзге де салықтық төлемдерді уақытылы төлеп тұрған абзал.

Бақыт Бекмұрзаев, жеке сот орындаушысы:

- Азаматтардан сұрарым салықты өз уақытында төлеп, сот шешімінің шықпауына және салық басқармасының шешім шығаруына себепші болмауын сұраймын, уақытылы төлеуіне.

Қарыз салық басқармасының бұйрығымен өндірілген жағдайда жеке сот орындаушыларға 25 пайызға дейін үстеме ақы қосып төлеуге тура келеді. Ол берешек көлеміне байланысты өндіріледі. Сондықтан салықты кешіктірмей төлеу әрбір жеке тұлға үшін өте тиімді. Алайда Қарасай ауданындағы қымбат көлік иелері қарызын өтеуге асығар емес. Сондықтан тиісті органдар мен жеке сот орындаушылар оларға осындай қатаң шаралар қолдануға мәжбүр. Рейд жыл соңына дейін жалғасады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Осы категория бойынша: « Түркістан облысындағы Созақ ауданын 3 мыңнан астам турист аралады Ақмола облысының жолдарынан 3 мыңнан астам кемшілік анықталды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы