364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шалқар көлі тартылып барады

  • 529
  • UPD: 09:17, 07.08.2018

Батыс Қазақстан облысының інжу-маржаны саналатын Шалқар көліне экологиялық қатер төніп тұр. Орал қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 100 шақырым қашықтықта орналасқан көлдің суы күрт кеміп барады.

Ресми мәлімет бойынша 2 миллиард текше метр судан қазір 1,5 миллард текше метр қалған. Көксерке, табан секілді балық тұқымдары мүлде жойылып кетсе, бірқатар түрі құрудың алдында екен.

Мамандардың айтуынша, ұзындығы 18,5, ені 15 шақырымдық көлдің ені кей жерлерде бүгінде 2 шақырымға дейін тартылған. Рас та шығар, халық шомылатын мына жағалауда су бұрын жарқабаққа шейін жетіпті. Ал қазір 300-400 метр қашықта жатыр. Жергілікті тұрғындар судың тартылуы 2008 жылғы жер сілкінісінен соң басталды дейді.

Шарапи Шотанов, Cарыөмір ауылының тұрғыны:

-Тектоникалық қозғалыстан кейін 2010-2011 жылдары суға түскенде өкшемізді басқан кезде күкіртсутегі шығатын еді. Ол кезде мен мектепте істеп жүрдім. Химик болғаннан кейін анализін алып, күкіртсутек екенін анықтадым. Ол Қарашығанақтан келеді. Енді сол күкірсутек азайды, бірақ та әлі күнге дейін келеді. Шабақтардың әрі қарай өсіп дамымай жатыр, балықтар шабақ кезінде өліп қалады.

Көлде күні бүгін көксерке, табан балықтары құрып кеткен. Сазан мен шортан жойылудың аз-ақ алдында. Оның бірінші себебі – балықтардың белгісіз себептермен жиі қырылуы. Екіншісі – браконьерлік. Бұрынғы табиғат пайдаланушылар судан пайда тапқанмен, мүлде шабақ жібермеген. Осыған байланысты көл биыл мемлекет меншігіне тартып алынды, 3 жылға балық аулауға мораторий жарияланды. Ал басты себеп – судың тартылуына байланысты қамыстың жағада қалуы. Енді балықтың уылдырық шашар жері жоқ. Ашық жерге шашқанымен, ол не жағаға шығып қалады, не өзге балықтар жеп кетеді.

Махамбет Ықсанғали, табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:

-Көлдің түбінде неше түрлі, басқа да балықтарға қажетті өсімдіктердің, балдырлардың жаңа түрі өсірілуі керек. Құнды балықтар сазаннан бастап өте азайған. Сондықтан алдын ала есептеулер бойынша көлге көл сауыққаннан кейін 2 млн шабақ салу керек. Орташа есеппен 30 теңгеден есептегенде облыстық бюджетке 60 млн теңгеге түсуі керек.

Жуырда облыс әкімдігі жанынан құрылған комиссия Шалқар көлінің экологиясын көзбен көріп келді. Көлді құтқарудың түрлі жолдары талқыланды. Кезінде 45 шақырымдық Жайық-Шалқар каналы арқылы көлге жылына 20 млн текше метр су түскен екен.

Шынболат Ермағанбетов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының бас гидротехнигі:

-Шалқар көліне су айдаудың техникалық мүмкіндігі толығымен бар. Бірақ 20 млн су айдағанда шамамен Шалқар көлінде 1,5 млрд текше метр су болар, тартылғанын есептегенде, көп болса, бір сантитметрге көтеріледі. Одан тек қана булануға кеткен судың есебін шығаруға болады.

Ауыл ақсақалдарының сөзінше, көлдің бұлайша тартылуы соңғы рет 80 жылдардың аяғында байқалыпты. Қалай болғанда да Шалқар көлінің экологиясын сақтау кешенді ғылыми зерттеуді қажет етеді.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Осы категория бойынша: « Алматыдан 237 шақырым қашықтықта жер сілкінді Қазақстанда жасалған цемент өнімдері Өзбекстанда жоғары сұранысқа ие »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы