365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда қазақстандық майдангерлерді іздеуге арналған үшінші жасақ құрылды

  • 151
  • UPD: 08:14, 08.08.2018

Павлодардың іздеу жасақтары тағы бір қазақстандық жауынгердің әскери өмір жолын анықтады.

Мерген Нұрахмет Сәдуақасовты туыстары 70 жылдан астам уақыт іздеп келген. Олар көптен күткен хабарды енді ғана алып отыр. Белгілі болғаны, майдангер Жеңіске 3 күн қалғанда Чехославакиада көз жұмған.

Павлодарда үшінші іздеу жасағы құрылды. Жаңа ұйым мүшелері бұрынғы топтардың жұмысымен танысты.

Жастар бастамаларын қолдау орталығы жанында бірыңғай іздеу жасақтары штабының жұмыс істей бастағанына бір ай толды. 74 жастағы Аманбай ата іздеушілердің көмегіне алғашқылардың бірі болып жүгінген. Бүгін ақсақал ағасы Нұрахмет Сәдуақасовтың қай жерде және қашан қаза болғанын білді. Еріктілер тапқан мәлімет бойынша, жауынгер 1945 жылдың 6 мамырында Чехославакияның Пшибрам қаласында көз жұмған. Ол №16 жеке зиратқа жерленген екен.

Аманбай Қоқымбаев, қала тұрғыны:

- Жатқан жерін, қандай мемлекетте екенін білдім. Соның табылғанына разымын.

Бұған дейін құрылған «Майдан жолы» және «Панфиловшылар» жасағына «Ертіс өңірі» іздеу тобы қосылды. Бұл жасақ әртүрлі кәсіп иелерінен тұрады. 44 жастағы Василий – кәсіпкер. Оның замандасы Александр Шевченко – металлург. Бұл іздеу тобы алғашқы жорыққа ертең аттанады. Олар соғыс кезінде қазақстандықтар көптеп қаза тапқан Новгород облысына бара жатыр.

Василий Ямчук, іздеу жасағының жаңа мүшесі:

- 5 жыл бұрын атамды тапқан едік. 7 жыл бұрын тағы бір атам табылды. Мен осындай жұмыстармен айналысып жатқандарын біліп өзімнің қатысқым келді. Бұл батыр аталарымыздың рухына тағзым.  Олар ең қастерлі ұғым, бүкіл адамзат баласына Ұлы Жеңісті сыйлады.

Александр Шевченко, іздеу жасағының жаңа мүшесі:

- Жүрегім алып ұшып тұр. Жан дүнием аласапыран. Патриот  болуымыз керек. Мен осыны айтқым келеді.

Биыл наурыз айында Павлодарда ТМД және Балтық елдерінен келген делегаттардың қатысуымен IZDEU-2015 халықаралық форумы өткен еді. Сол кезден бастап тек Украина жерінен 10 қазақстандық солдаттың мүрдесі табылды. Қазір Ақсу мен Екібастұздан іздеу жасақтарын құру мәселесі көтеріліп жатыр.

Жұмабек Қамзин, облыс бойынша іздеу жасақтарының негізін қалаушы:

- Орыс ізденіс топтарымен бірге біз 400 жауынгер көтердік. Бірақ жүздің ішінде біреу табылса, ол бақыт деп саналады. Сондықтан өте қиын. Неге? Кезінде «ырымы жаман» деп қазақтар медальондарын лақтырып жіберіп отырған. Медальонның ішінде қағаз болса да аты жөндері болған ғой.

Бүгінде Қазақстан бойынша 7 іздеу жасағы бар екен. Тағы үшеуін құру жоспарланып отыр. Павлодарлықтар жастар бастамаларын қолдау орталығымен қоян-қолтық жұмыс істейді. Биыл арнайы грантқа үміт артып отыр. Бұған дейін «Еске алу» вахтасына қатысушылар жеке қаражаттарымен баратын. Алдағы уақытта атқарылар іс жетіп артылады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Осы категория бойынша: « БЗЖҚ салымшыларының есепшотына түскен таза инвестициялық табыс 56,4 млрд теңгеге жетті Астанада роботтар балы өтіп жатыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы