374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде салынатын жел станциялары электр қуатын тасымалдайды

  • 152
  • UPD: 15:05, 09.08.2018
Ақтөбеде салынатын жел станциялары электр қуатын тасымалдайды

Ақтөбеде ұңғымаларға электр қуатын жеткізетін жел станциялары салынатын болды.

Яғни қатты және сұйық отынның үлесін азайтса, экология жақсарады екен. Одан бөлек өрт сөндіргіш жабдықтар жасайтын зауыт күн батареясын орнатуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар «ЭКСПО-2017» көрмесінің жемісі. Жалпы, өңірде «жасыл экономика» технологиясы бойынша, жалпы құны 66 млрд теңге болатын  21 жоба іске асады. Яғни, еліміз бойынша Ақтөбе көш бастап тұр.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінен кейін, өңірдегі өнеркәсіп орындарында түгендеу жұмыстары жүрді. Ірі кәсіпорындар инвестициялық  бағдарламаларын қайта қарап, жаңғырту шараларын қолға алды. Арнайы «Жол картасы» жасалып, нәтижесінде өндіріске жаңа технолгиялар енгізу 45 пайыздан 65 пайызға дейін өсті. 21 жобаның алтауы бүгінде іске қосылды. Қоршаған ортаға келетін зиянды азайтып, экологияны жақсартуға бағытталған жобалардың көбі тау-кен мен мұнай-газ саласында іске асады.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:

- ЭКСПО халықаралық көрмесі бізге үлкен серпін берді. Барлық ірі компаниялар ЭКСПО аясында инвестициялық бағдарламаларын қайта қарады. Ең негізгісі, осы жұмыс аясында ірі компаниялар жаңғырту мен цифрландыру аясында 45 пайыздан 65 пайызға өсті. Осының нәтижесінде 7 ай бойынша өнеркәсіп саласында 105 пайызға өсім бар. Соның ішінде 1 пайыз осы цифрландыру және жаңғыртуға байланысты өсім. 

Мысалға айтар болсақ, мыс және мырыш өндіріп отырған компания өндірісті қайта жаңғыртты. Жаңа технологияның басқару жүйесі компьютерге көшті. Бір тетікті басып, бар жұмысты атқаруға болады. Есесіне, шығарылатын өнімнің өзіндік құны арзандайды. Заманауи технологиялар енгізу арқылы ескі кен орындары да жаңғыртылып, өнім көлемі ұлғайды. Өңірдегі ірі мұнай-газ компаниясы мұнай мен газ өндіру көлемін өлшейтін автоматтандырылған қондырғылар орнатты.Одан бөлек, жүздеген шақырым жердегі кен орнын облыс орталығындағы диспетчерлік бекетте көріп отырады. 

Болат Тіленбаев, мұнай-газ компаниясы бас директорының орынбасары:

- Ұңғыманы игеріп болғаннан кейін бірден коллектор іске қосылады. Бұл әдіс мұнай көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жерде қышқылдың реагентін алу үшін қозғалысқа икемді құбырлар технологиясы қолданылады. Нәтижесінде мұнай өндіру 10 пайызға өсті. 

ЭКСПО көрмесінен кейін, облыста ірі инвестициялық форум өткен еді. Форум кезінде облыс кәсіпорындары бірнеше шетелдік компаниямен келісім-шартқа отырды. Өндірісті жаңғырту жұмыстары алдағы 3 жыл бойы жалғасады. 

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Осы категория бойынша: « Жоғарғы сот пен Қоғамдық даму министрлігі меморандумға қол қойды Қостанайда кардиологтарға арналған шеберлік сабақтары өтті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы