367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда экологиялық жобалар жүзеге асырылып жатыр

  • 307
  • UPD: 22:08, 09.08.2018

EXPO-2017 халықаралық көрмесінде таныстырылған жобалар Алматы қаласында жүзеге асырылып жатыр.

Шаһардағы электр көлігін тізгіндегендер үшін арнайы қуаттандыру бекеттері орнатыла бастады. Оған қоса қаладағы қоқыс бұдан былай полигонға емес, зауытқа жіберіледі.

Алматыдағы электр көліктерінің саны 500-ге жетті. Әзірге олар үшін қалада 19 көлік қуаттандыратын бекет орнатылған. Жыл соңына дейін тағы 47 жаңа үлгідегі бекет қойылмақ. «EXPO-2017 халықаралық көрмесінде ұсынылған құрылғы кез келген электр көлігін қуаттандыруға қабілетті», – дейді мамандар.

Ерлан Омаров, қалалық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бөлім басшысы:

- Бір көлікті қуаттауға толығымен 5-7 сағат кетеді. Ол толық қуатталған көлік біздің Алматы қаласы бойынша 150-200 шақырымға дейін жүре алады. Және де бір көлікті толық қуаттау үшін ақшалай айтқанда 1500-2000 теңгедей ғана кетеді.

Бұл – Алматыдағы заманауи қоқыс сұрыптайтын зауыт. Көктемде құрылысы басталған нысан қазір сынақ режимінде жұмысын бастапты. Зауыт толық іске қосылғанда, 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Тәулік бойы жұмыс істейтін нысанда күніне 1500 тонна қоқыс сұрыпталады.

Дмитро Данильченко, инвестор:

- Зауыт іске қосылғаннан кейін сұрыпталған шикізатты талдаймыз. Үш гектар жер қазір бос жатыр. Қалдықтардың түрлері, көлемі есептелген соң, жобаның екінші кезеңіне орай қоқыс өңдейтін зауыт құрылысы басталады.

Жобаның жалпы құны – 5,4 млрд теңге. Зауыт толықтай автоматтандырылған. Әзірге сұрыпталған қалдықтар еліміздің өзге өңіріндегі қоқыс өңдейтін зауыттарға жіберіледі.

Қыркүйектен бастап қаладан шығатын қалдықтар қоқыс полигонына жіберілмейді. Барлығы дәл осы заманауи зауытта сұрыпталады. Өйткені нысанның жылдық қуаты – 550 мың тонна. Ал қаладан жылына 500 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылады екен. Яғни зауыт сұранысты толық қамтамасыз етеді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев

Осы категория бойынша: « ШҚО-да көмірді қымбаттатып отырған кімдер? Қостанай автозауыты электромобиль өндірісін ұлғайтпақ »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы