365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы полицейлері арнайы медициналық қобдишамен қамтамасыз етілуі мүмкін

  • 179
  • UPD: 21:58, 10.08.2018

Алматы қаласында қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың үштен бірі өзге облыстардан келгендер мен көршілес елдердің азаматтары.

Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды. Сондай-ақ алдағы уақытта шаһардағы полицейлер арнайы медициналық қобдишамен жабдықталуы мүмкін. Айта кетейік, Мемлекет басшысы осыған дейін қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен адам құқықтарын қорғау ісін барынша жетілдіруді тапсырған болатын.

Қоғамдық кеңес құрылғалы бері 45 жиналыс өткен. Бүгінгі басқосуға қала әкімінен бастап, құқық қорғау органдарының басшылары және Президент әкімшілігінің бөлім меңгерушісі қатысты. Алғашқы баяндаманы жасаған Бауыржан Байбек кейінгі үш жылда ішкі істер департаментін дамытуға шамамен 31 миллиард теңге бөлінгенін айтты. 

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Соңғы 5 жылда қала аумағы 2 есе өсті. Ал полицейлердің саны сол күйінде қалды. Маман тапшылығын біз цифрлық технологиялардың көмегімен шешіп отырмыз. Жылдан жылға бейнекамералардың саны артып келеді. Қазір қалада 118 мың бақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Былтыр осы камералардың көмегімен 1200 қылмыс ашылды.

Қала прокуроры Берік Жүйріктаевтың мәлімдеуінше, жалпы тіркелген қылмыс 8 пайызға азайған. Дегенмен, заңды бұзған жасөспірімдердің саны 6, ал автокөлік ұрлаушылардың саны 9,5 пайызға артқан. Қоғамдық кеңесте полиция жұмысының сапасы да сөз болды. Ішкі істер департаментінің басшысы Серік Күдебаев сын-ескертпелермен келісетінін және сол кемшіліктерді түзеуде біраз жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеді. Былтыр мысалы, 500-ге жуық полицей жұмыстан шығарылып, 2 мыңға жуығы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Серік Күдебаев, қалалық ІІД басшысы:

- Өткен жылы полиция қызметкерлерінің атына жазылған шағымдардың барлығын талдадық. Басым бөлігі экологиялық бекеттердегі инспекторлардың жұмысына көңілі толмайтындықтарын айтқан. Біз бұл мәселені мұқият зерделеп, арнайы бейнекамералар орнаттық. Қазір инспекторлардың жұмысы түгел жазылады. Көлік жүргізушілерінің құқы жазылған стенд орнатып, сенім телефонын жазып қойдық. Наразы азамат кез келген уақытта хабарласа алады.

Қоғамдық кеңес отырысында Президент әкімшілігінің бөлім меңгерушісі Алексей Калайчиди Елбасы тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан құқық қорғау органдарының модернизациясы туралы баяндады. Оның айтуынша, полиция қызметін бағалайтын қағидалар өзгереді. Қарамағындағы қызметкерлерінің жұмысы нашар немесе парамен ұсталса жетекшілерді қызметтен босату жайы да қарастырылуда. Құқық қорғау органдарын цифрландыру мен курсанттардың білім сапасына да ерекше көңіл бөлініп отыр.

Алексей Калайчиди, ҚР Президенті Әкімшілігі Құқық қорғау жүйелері бөлімінің меңгерушісі:

- Ішкі істер министрлігіне жыл сайын 6-7 мың адам қажет. Ал Алматы, Қарағанды, Қостанай және Ақтөбедегі институттарды бар болғаны 900-1000 адам бітіріп шығады. Қалғандары оқу орталықтарында дайындалады. Демек, кәсіби жоғары оқу орындарының жұмысы күшейтіледі.

Қоғамдық кеңесте барлық аудандық ішкі істер бөлімдерінде фронт-офистер ашылатындығы айтылды. Ал электронды хаттамаларды толтыру үшін алматылық полицейлер жыл соңына дейін планшет және принтермен 100 пайыз қамтылатын болды. Сонымен қатар алдағы уақытта Алматы полицейлері алғашқы жәрдем көрсету мақсатында арнайы медициналық қобдишамен жабдықталуы мүмкін.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов

Осы категория бойынша: « Петропавлда «Нұрлы жер» бойынша жалдамалы үй халық игілігіне берілді Ақтөбелік кәсіпкер ЕХРО 2017 көрмесінен кейін күн мен жел қуатын пайдалана бастады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы