365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбелік кәсіпкер ЕХРО 2017 көрмесінен кейін күн мен жел қуатын пайдалана бастады

  • 192
  • UPD: 14:26, 11.08.2018

Ақтөбелік кәсіпкерлер күн сәулесінен қуат өндіріп, жел энергетикасын тиімді пайдалана бастады.

Мысалы, «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалап қайтқан жергілікті кәсіпкер шаруа қожалығына күн батареясы мен жел генераторын орнатты. Жалпы, өңірде «жасыл экономика» технологиясы бойынша, құны 66 млрд теңге болатын 21 жобаны іске асыру жоспарланған.  Оның алтауы қазір жұмыс істеп тұр.  

Тілегеновтер отбасы өңір үшін тың кәсіппен айналыса бастады. Өткен жылы Шығыс Қазақстаннан 150 бас марал әкеліп, үлкен шаруашылық ашты. Жанынан шипажай салып, пантамен емдеу ісін қолға алды. Жеңілдетілген несие алса, оның пайыздық үстемесін мемлекет субсидиялады. Инженерлік коммуникация желілері жете қоймаған жерге күн батареясы мен жел генераторын орнатты. Төрт бірдей ұңғыма осы екі қондырғыдан қуат алады.

Ертарғын Тілегенов, кәсіпкер:

- 10 килоВатт энергия береді. Күн батареясы мен жел генераторлары қатар істеп тұр. Жел болмаса, күннен қуат аламыз. Күн бұлттанса, желдің қуаты жетеді. Шаруашылықтағы барлық техника осы қондырғылардан электр қуатын алады. Тіпті, тұрмыстық техниканы да қосып отырмыз.

Кәсіпкер күн батареясы мен 2 жел генераторын Германиядан 18 млн теңгеге сатып алған. Өз қаражатын жұмсаған шаруаға мемлекет субсидия төлепті. Ол «ЭКСПО-2017» көрмесінде өзі көрген үлгілерді таңдапты. Көрмеден кейін табиғатты тиімді пайдалану туралы ой келгенін айтады. Жалпы облыста «жасыл экономика» бойынша 21 жоба іске асып жатыр.

Дархан Ермағанбетов, облыстық ИИД басқармасы басшысының орынбасары:

- Өнеркәсіп саласы ғана емес, бұл денсаулық саласы, экология жағынан, ауылшаруашылығы салаларында енгізіліп, қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда енгізілгендер күн сәулесін және жел қуатын пайдалана отырып, электр қуатын өздері қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар мұнай саласында бұрғылау саласы жағын арттыруға технологияларды енгізіп пайдалануда.

Қоршаған ортаға келетін зиянды азайтып, экологияны жақсартуға бағытталған жобалардың көбі тау-кен және мұнай-газ саласында іске асады. Мәселен, мыс пен мырыш өндіретін компания өндірісті қайта жаңғыртты. Жаңа технологияның басқару жүйесі компьютерге көшірілді. Бір тетікті басып, бар жұмысты атқаруға болады. Есесіне шығарылатын өнімнің өзіндік құны арзандайды.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина Болат Молдағалиев

Осы категория бойынша: « Алматы полицейлері арнайы медициналық қобдишамен қамтамасыз етілуі мүмкін Қостанай облысында орақ науқанына дайындық пысықталды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы