365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алакөлдің туристік әлеуеті зор

  • 196
  • UPD: 20:31, 15.08.2018

Алакөлге жету – азап. Қазақстанның маржаны саналатын демалыс аймағына апаратын жолдың жыры бітер емес. Әңгіме Жетісу жағындағы жол туралы.

Дертке дауа болған көлдің оңтүстік жағалауында бұдан басқа да проблемалар жетерлік. «Хабар 24» арнасының тілшісі Жасын Біркенов Алакөлге барып, курорттың туристік әлеуетімен танысып қайтты.

Шолақ шалбар, көзілдірік, кепка. Тағы не бар? Стоп! Билет қайда? Алакөлге билетті  бір ай бұрын алмасаңыз, жету қиын. Не пойызға...

Қазақстанның інжу-маржанына демалу үшін емес, іссапармен бара жатқан соң біз алдымен Алматыға пойызбен жеттік. Кейін Алакөлге дейін автобуспен қатынаудан басқа амал қалмады.

Алматы мен Алакөлдің ортасы – 700 шақырым. Талдықорғанға дейін жаңа жол төселген. Мұндай автобанда автобуспен жүрсеңіз де, демалып барасыз. Ал облыс орталығынан курортқа жету – азап. Жолаушылардың бірін жердің қашықтығы, енді бірін шұрық-тесік жолдар әбден қажытты.

Бәрінің жүзі шаршаңқы. Бірақ жол азабын жүргізушіден артық білетін адам жоқ.

Ғани Досмайылов, автобус жүргізуші:

Егер жол жақсы болса, Алматыдан 8-9 сағатта жетуге болады. Қазір 12 сағат  жүреміз.

Назираш Еркінбекқызы, Алматы қаласының тұрғыны:

Жолды көріп, көңілім түсіп отыр. Бұрын еститінмін, Алматы мен Алакөлдің  арасындағы жол өте нашар деп. Көзім жетіп келе жатыр.

Алакөлге жеке көлікпен шықсаңыз да, тозығы жеткен жолдар тосқауыл. Жүргізушілердің бәрі жол азабын бетке басып айтады.

Жасын Біркенов:

- Алматыдан түнгі онда шыққан көлік әупірімдеп 12 сағатта көлге тұмсық тіреді.  Әуелі Ақши демалыс аймағына келдік.

Алакөлге жер жәннаты – Жетісу жағынан келсеңіз, екі ауылдың біріне аяқ тірейсіз. Бірі –  Көктұма ауылы. Жалпы бұл репортаж осы елді мекеннің күйбең тіршілігін әңгімелейді. Ал енді бірі мына біз тұрған Ақши.

Жанға дауа, ауруға дәру болған Алакөлдегі туризмді дамыту жұмыстары мықтап қолға алынғанын Ақшидан байқауға болады. Елді мекеннің «демалыс аймағы» деген мәртебесі бар. Сондықтан болар, бұл жерге ел қазынасын қыруар қаржы бөлініп жатыр. Биыл мұндағы тіршілікпен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та танысып қайтқан еді. Ал іргелес жатқан Көктұманың жайы мүлдем басқаша.

Көктұмада да туризм қадамдап болмаса да, табандап дамып келеді. Мұндағы жергілікті тұрғындар шама шарқынша шағын қонақ үйлер салып, демалушыларды қабылдап жатыр. Үйлердің ретсіз, қиқы-жиқы орналасуы бірден көзге түсіп тұр. Бірақ Ақшиға қарағанда бұл ауыл арзан бағасымен еліктіреді. Мейманхана иелері адам басынан 5-6 мың теңге алады. Мұның ішіне үш мезгіл тамағың да кіреді. Моп-момақан, көгілдір көлдің жағасында етпетінен тізіліп жатқан туристер осында да баршылық.

Алакөлге негізінен егде адамдар дертке дауа іздеп, рухани күш жинап қайту үшін келеді.

Шарбат Оспанова, дәрігер:

- Осы көлдің «қандай құрамы бар» деп тексерді. Соның ішінде хлор, бром, родон бар екен. Осы жердің батпағы өте қасиетті. Ауруларға қолдануға болады.

Көлдің көркемдігіне расымен де  масайрайсың, дейді осында демалуға келгендер. Бірақ бір «әттеген-айы» болмаса.

Злиха Дәулетқазина, Алматы қаласының тұрғыны

Жолда автобусымыз сынып қалды. Жол нашар Талдықорғаннан бері қарай. Мына жерде Көктұмаға жеткен кезде түсетін жердің өзі қиын екен. Бірақ көлдің өзі керемет.

Ырым Әбілхамит, Үшарал қаласының тұрғыны:

Егер жолды жақсылап қойса, өзге күнде де келуге болады. Шетелге қатынағанша, өзіміздің Алакөлдің батпағы, бұл жердің құрт-майы, қымызы, шұбаты денсаулыққа ем ғой. Жылына бір рет емес, бірнеше рет келіп демалуға болады.

«Бірақ бұл жолдың жыры бітер күн де алыс емес», - дейді Қазавтожол компаниясының өкілдері.

Серік Керімқұлов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облысы бойынша  дирекциясының басқарушы директоры:

Талдықорған-Қалбатау-Өскемен бағыты 763 шақырым. Оның ішінде Алматы облысында Ақсу, Сарқан, Алакөл ауданы. Бұл 2022 жылға қарай аяқталатын жұмыс. Қазір жобалау  жұмыстары жүріп жатыр.

Көктұмадағы демалыстың шырқын бұзуы мүмкін тағы бір себеп бар. Мұндағы жағалаудың жағдайын бақылайтын жауапты адам жоқ. Сондықтан қоқыс көп. Әркім шамасына қарай қонақ үй маңындағы жағаны абаттандырып қойған. Бірақ ол да аздық етеді. «Көлдің суы, табиғаты тамаша, әттең жағдай жасалмаған», - деп налиды демалушылар.

Тамара Құсайынова, Алматы қаласының тұрғыны:

Алакөл ұнайды. Суы ұнайды. Бірақ жасалған жағдай ұнамайды. Отырған жерімізді көріп тұрсыңдар ғой. Санитарлық нормаға сай келмейді.

Бұл жақтағы түйткілді мәселенің тағы бірі – жақын маңдағы жанар-жағармай  бекетінің жоқтығы. Бензин құю үшін 70-80 шақырым жердегі Үшаралға қатынау керек.

Асқар Жолдасбаев, Алматы қаласының тұрғыны:

- Тек қана Үшаралдан құямыз ғой. Жолда жоқ. Үшаралға дейін 70 шақырым.

Қаладағыдай картамен есеп айырысу да мүмкін емес. Өйткені бұл ауылда банкомат та жоқ. Бірақ бұл жердің де туристік әлеуеті зор. 2022 жылға дейін жол салып, жағажайдың да мәселесі шешілсе, онда туристердің саны артатыны сөзсіз. Ал қазір көктұмалықтар Алакөлді шамалары келгенше  көздің қарашығындай сақтауға тырысады. Ауылдағы ағайынның нәпақа тауып, күн көріп жүргені де осы туризмнің арқасы.

Авторлары: Ж.Біркенов, Н.Базаров

Осы категория бойынша: « Дене шынықтыру пәні нағыз сананы жаңғыртатын құралға айналуы керек Маңғыстау облысында EXPO жобалары сәтті жүзеге асып жатыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы