365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Суы шипалы Шалқардың қадірі болмай тұр

  • 221
  • UPD: 09:43, 17.08.2018

Батыс Қазақстан облысында туризмді дамытудың тамаша мүмкіндігі бар.

Мәселен, Теректі ауданындағы Шалқар көліне, тек жергілікті тұрғындар ғана емес, көршілес Ресейден де туристер жиі келеді. Алайда тәңір берген табиғат байлығын табыс көзіне айналдыру жайы жете ойластырылмаған. Оны айтпағанда көлдің жағасында демалушыларға тұрмыстық жағдай да жасалмаған.

Қаланың қым-қуыт қарекетінен мезі болып, жазда жусан иісін аңсағандардың асыға аттанар жері – Шалқар көлі. Ұзындығы – 18, ені 14 шақырымды алып жатқан көл мен оның қасындағы Әлжан соры – ем алуға да, демалуға да таптырмас орын. Мұнда тек оралдықтар ғана емес, шекараның ар жағынан да туристер келеді.

Ольга Любавин, демалушы:

- Көлдің суы тұзды. Тіпті теңіз суымен бірдей деуге болады. Жағасы тайыз болғандықтан, балалар шомылғанда еш алаңдамайсың. Ресейден қонақтар келген, соларды қыдыртып жүрміз. Бәрі жақсы-ау, тек қызмет көрсету жағы нашар.

Қызмет көрсету демекші, жағада екі демалыс базасы бар. Ол жақтағы ағаш үйлердің бағасы тәулігіне 25 мың теңге. Киіз үйлердің құны одан үш есе арзан. Қалтасы тайыздау қараша жұрт соңғысын жағалайды. Алайда ауылдан алыстау болған соң жарық тартылмаған. Ауа баптағыш, тоңазытқыш секілді өркениет игіліктерін ұмытуға тура келеді.

Алмас Қажығалиев, Сарыөмір ауылының тұрғыны:

- Тұзды су деп Шалқарды көбірек мақтайды. Мұндағы жағдай жақсарса жақсы болар еді деп айтады.

Әкімдіктің әмірімен патент алып, кәсіпкерлер санатына еріксіз еніп кеткені болмаса, мұндағы киіз үй иелерінің көпшілігі күнкөріс үшін жүрген қарапайым тұрғындар. Бірі – мұғалім, бірі – күзетші, бірі – жұмыссыз. Сол себепті бәлен шақырымға коммуналдық желілерді жеткізуге олар қауқарсыз. Ал шенеуніктер болса «ауылға жол салдық, газ тарттық, су бердік, енді қалғанын өздерің реттеңдер» деп шалқаяды. Тазалық жайы да солай. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кебі. Тіпті, ұят та болса айтайық, жағада әжетхана жоқ. Бары көлдің бұрынғы жағасында, жырақта қалған. 

Шарапи Шотанов, Сарыөмір ауылының тұрғыны.

- Келген  кісілер айтады «Шалқардың суы ашыған ғой» деп. Әрине ашыған. «Сіздер қараңыз, әжетхана қайда? Бір шақырым жер жағада тұр. Ана түсіп жатқан кісілер сұйық дәретіне сонда бара ма екен?!» деп. Сондықтан әжетхананы мына жерге қойыңдар деп айтып жүрмін.

Шалқар көліне қатысты жоспарларын білмек болғанбыз. Кәсіпкерлік басқармасының басшылығы ат-тонын ала қашты. «Көлдің көркі кіретін кезі жаздың үш айы. Аз уақытқа ешкім инвестиция салғысы келмейді» деген жауапты ауыл әкімінен де естідік. Жарайды, солай-ақ болсын. Бірақ қарапайым тазалық мәселесін шешуге кім кедергі?

Сабырбек Мусин, Шалқар ауылдық округінің әкімі:

- Қазір аз болып отыр. Өзіміздің бюджет есебінен 20 күл-қоқыс контейнер жәшігіне тапсырыс беріп отырмыз. Сонымен қатар «Тазалықты сақтаңыз!» деген тақтайшаларды орнатып қойдық.  Кәсіпкерлер биотуалет, әжетхана, күл-қоқыс контейнерлерін өздері қоюы керек қой.

Туризмді табыс көзіне айналдырған елдер әлемде аз емес. Егер табиғаттың осындай сыйы шетелде болса, жағасы ендігі шипажайға толар ма еді?! Ал әзірге Шалқарды дамыту жайы қиял күйінде қалып тұр. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Осы категория бойынша: « Түркістанда заңсыз сауда орындары сүріліп жатыр Алматыда 164 көшенің атауы өзегерді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы