374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысы әкімдігінің қызметкерлері ресми түрде өңір орталығына көшті

  • 339
  • UPD: 22:22, 17.08.2018

Шырайлы Шымқаладан шежірелі Түркістанға. Түркістан облысы әкімдігінің қызметкерлері бүгін ресми түрде өңір орталығына көшті.

Шымкентте өткен салтанатты жиынға зиялы қауым мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысты. Жалпы Түркістан қаласына 1203 штаттық бірлігі бар 27 жергілікті атқарушы орган көшіріліп жатыр. Бүгінде облыстық басқармалардың басым бөлігі мұндағы қызметіне кірісіп те кеткен. Ал оларға жағдай жасау мақсатында кеңсені, пәтерді жалға алу, жалақыға үстеме төлеуге және ғимарат жөндеуге Үкімет резервінен тиісті қаржы қаралған. Қазір 13 аумақтық органның өкілдері Түркістан шаһарында халыққа қызмет көрсетуде. Тұрғын үйді қажет ететін мемлекеттік қызметкерлерге жатақханадан 700-ге жуық орын әзірленген. «Алда шежірелі қаланың туристік әлеуеті көтеріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Енді Түркістан облысы мен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталады», - деді облыс басшысы. 11 автобусқа жайғасқан көш құрамын Түркістан шаһарының әкімдігі күтіп алатын болады.

Байдулла Қонысбек, қоғам қайраткері, облыстың құрметті азаматы:

- Түркістан деген сөзді естіген сайын менің жүрегім бір түрлі бұлқынып алға қарай шығады. Өйткені Түркістан бүкіл түркі халқының рухани қазынасы, рухани астанасы, атамекені, ата жұрты. Сол Түркістан қаласына облыс әкімдігі көшіп, бүгін сол Түркістанға барып тұрақтайтын болады.

Салтанатты көшті түркістандықтар құшақ жая қарсы алды. Қазақы дәстүрмен шашу шашып, келген мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына табыс тіледі. Арнау айтылып, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Шаһар басшысы облыс әкіміне басқармаларға арналған ғимараттарды көрсетіп, жұмыс бөлмелерімен таныстырды.

Айта кеткен жөн, 19 маусымда Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп қайта құру және оның орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру туралы тарихи жарлыққа қол қойған болатын. Ендігі жерде Түркістан шаһары қайта түлеп, бүкіл түркі жұртының рухани астанасына айналмақ.

Осы категория бойынша: « «Алакөл-2018» кәсіподақтардың жазғы лагері жұмысын бастады Мұнайлы ауданында жел электр станциясы салынады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы