374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Степногорск қаласы көркейіп келеді

  • 141
  • UPD: 19:51, 19.08.2018

Ақмола облысындағы Степногорск қаласын абаттандыруға биыл жергілікті бюджеттен 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Осы арқылы шағын шаһарда жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, жол бойына жаңа жарықшамдар орнатылды. Аула ішіндегі жолдар да қалыпқа келтіріліп жатыр. Сондай-ақ қалада «Махаббат аллеясы» пайда болды.

Жақында ғана ашылған бұл аллея, қазір қала тұрғындарының мақтанышы. Айтуларынша, тынығуға таптырмайтын жер. Атауы махаббатпен байланысты болған соң бұл жерден көбінесе жастарды көруге болады. Ал ұзындығы 500 метрге созылып жатқан осы «Махаббат аллеясын» тұрғызуға 67 млн теңге қаржы бөлініпті.

Олжас Баймақов, Степногорск қалалық ТКШ бөлімінің жетекшісі:

- Қазір сол қажаттың 90%-ы игерілді. Қалғанын маңайды көгалдандыруға жұмсаймыз. Яғни, аллея әлі де толықтырылады.

Ал мұнда келген жандарды мына бір ескерткіш таңдандырмай қоймайды. Махаббат нышанын білдіретін туынды елімізге белгілі мүсінші Азат Баярлиннің қолынан шыққан. Биіктігі 3 метр болатын мүсін травертин тасынан жасалған.

Азат Баярлин, мүсінші, Канада мүсіншілер қауымдастығының мүшесі:

- Махаббат деген қыз бен жігіттің арасында ғана болатын сезім емес. Махаббаттың түрі көп. Ал мен мұнда ананың балаға деген сүйіспеншілігін, яғни, Жер ананың адамдарға деген махаббатын суреттедім. Алдағы уақытта осы қалада тағы бірнеше мүсін жасау ойымызда бар. Әзірге ол құпия бола тұрсын.

Сондай-ақ биыл өндірістік қалада 3 мыңнан астам гүл егіліпті. Шаһардағы жарықшамдардың 85%-ы үнемді диодты шамдарға ауыстырылған. Ал екі бірдей шағын ауданда ішкі жолдар жөнделіп жатыр. Осының барлығын күнделікті көзбен көріп отырған тұрғындар ризашылықтарын жеткізді.

Вера Прокофьева, Степногорск қаласының тұрғыны:

- 1990-2000 жылдардың арасында қала әбден тозып кеткен болатын. Міне, соңғы жылдары қайтадан гүлденіп келеді. шаһар келбеті көз алдымызда өзгеріп жатыр. Балалар ойнайтын алаңқайлар да көбейді. Бұдан әрі де дами берсін деп тілейміз.

Степногорлықтар үшін тағы бір қуанышты жаңалық. Енді алдағы жылы шаһарда спортшылар алаңы пайда болады. Ал онда атақты Қажымұқанның мүсінін тұрғызу жоспарланып отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Осы категория бойынша: « Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер ішкі туризмді дамытуға ден қойды БҚО-да туған өлкені түлетуге мүдделі меценаттар көбейіп келеді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы