365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да туған өлкені түлетуге мүдделі меценаттар көбейіп келеді

  • 202
  • UPD: 15:25, 19.08.2018

Батыс Қазақстан облысында туған өлкені түлетуге мүдделі меценаттар көбейіп келеді.

Мәселен былтыр өңірде кәсіпкерлердің қолдауымен 71 жоба жүзеге асып, 2,5 миллиард теңге жұмсалды. «Рухани жаңғыру» аясында жүздеген ауылда әлеуметтік нысандар жөнделіп, спорттық кешендер бой көтерді. Қазір Теректі ауданының Федоровка ауылында жергілікті кәсіпкердің қолдауымен денешынықтыру әрі сауықтыру кешені салынып жатыр.

Ақжайық атырабындағы туған ауылын түлетуге атсалысып жүрген азаматтардың бірі кәсіпкер – Сержан Идиятов. Ол Теректі ауданының орталығы Федоровка ауылындағы орта мектепті 25 жыл бұрын бітірген. Бірақ білім нәрімен сусындатқан тәрбие ошағын ешқашан ұмытқан емес. Мектептің қамқоршылық кеңесіне мүше болғандықтан, көмекке мұқтаж ауылдастарына әркез қолдау көрсетіп тұрады. Қызықты каникул күндері аяқталып, алғашқы қоңырау үні сыңғырлайтын күн де таяу. Сондықтан мектеп ұжымымен тағы бір кеңесіп алған артық етпейді.

Қарлығаш Омарғалиева, Федоровка орта мектебінің әлеуметтік педагогы:

- Ол демеуші ретінде мектебімізге үлкен қолдау танытып келеді. Бұған дейін музыкалық аппаратура мен спорт құралдарын сатып әперді. 15 шақты шәкіртті спорттық киімдерімен қамтыды. Біздің мектепте 50 шақты қолдауға зәру отбасының балалары бар. Сержан секілді азаматтардың көмегі бірінші кезекте соларға керек.

Қазір кәсіпкер ауыл тұрғындарына арнап денешынықтыру-сауықтыру кешенін салып жатыр. Қадалары қағылып, қабырғасы қаланып жатқан нысанда 20 шақты ауыл тұрғыны еңбек етіп жүр. Барлық талаптарға сай келетін 100 адамдық қоғамдық монша мен жүзу бассейндеріне аз қамтылған отбасыларының балалары тегін кіре алады. Мұқтаж жандарды қолдауға мүдделілік танытқан меценат бұл мақсатқа 150 миллион теңге көлемінде өз қаржысын салып отыр.

Асхат Жалғасбаев, құрылыс учаскесі жасағының жетекшісі:

Осы елге азаматтар осындай ғимарат салып жатыр. Осындай азаматтар Қазақстанда көбейе берсін! 3 мезгіл тамағы, монша, барлық жағдайын  жасап жатыр. Біз мында келіп монолитпен бетон құйып жатырмыз.

Сержан Идиятов, кәсіпкер:

- Басқа аудандарда мысалы 1-2 моншадан бар, біздің ауылда монша жоқ. Мынандай нысанды қалада салған бірінші, ал ауылда салған екінші, қалада салғанда табысы көбірек болады. Ауылда салғанда оны табыс көру үшін емес, халық үшін салып жатырмыз. Кішкене көмек болсын деп біздің жақтан. Қазір 20 адам жұмыс істеп жатыр. Осы кешенде әйелдер мен еркектерге бөлек қоғамдық бассейн, қоғамдық монша және пиццерия бар.

«Ауыл ажары – азаматына сын!» Бұл ретте өскен өңіріне селқос қарамайтын Сержан секілді сергек жандар жәрдемі көпке үлгі»,- дейді ауылдастары. Ал тындырылған тірліктерді тізбелесек, жыл басынан бері меценаттар көмегімен 71 миллион теңгеге 46 жоба жүзеге асқан. Кезінде ауыл-аймақтан  түлеп ұшқан талай азамат туған жерге бет бұрды. Кейбірі көпір тұрғызды, кейбірі кітапхананы жөндетті, балаларға ойын алаңдарын салып берді. Жетім мен жесірді жебеді, қамқорлыққа зәру жерлестерін қолтығынан демеді. Ең бастысы, ауыл-аймағын ажарландыруға атсалысып жүрген Атымтай жомарттар  алда да осы қарқыннан таймаймыз деген ниетте.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмутов

Осы категория бойынша: « Степногорск қаласы көркейіп келеді Сыр өңірінде 96 жастағы кейуана қолөнермен айналысады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы