364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойы аталып өтті

  • 290
  • UPD: 22:28, 20.08.2018

Қарағанды облысында Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойына арналған ауқымды іс-шара өтті.

Атаулы мереке бабаның туған жері Бұқар жырау ауданында ұйымдастырылды. Жиырма мыңға жуық халық жиналған мерейлі той қазақ халқының кемеңгер ойшылы, Абылай ханның кеңесшісі, мемлекет және саясат қайраткері Бұқар жырау Қалқаманұлының ескерткішіне гүл шоғын қою салтанатынан бастау алды.

Рухани тағылымы мол мерейтойға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, саясат және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Мемлекеттік хатшы алдымен жұртшылыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын лебізін жеткізді.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Біз ұлы бабамыз арман еткен біртұтас ұлт, қуатты мемлекет болуды жүзеге асырған бақытты ұрпақпыз. Сондықтан Бұқар жырау мұра еткен ел тағдыры, ұлт бірлігі мәселесі халқымыз үшін әодайым өзекті болып қала береді.

Халық «Көмекей әулие» атап кеткен бабамыздың туған өлкесіндегі той алаңына 100-ден астам киіз үйлер тігілді. Сондай-ақ шара барысында отандық эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева, Алтынай Жорабаева, Жәмила Баспақовалар және жергілікті ұжымдар мен тәжікстандық фольклорлық ансамбль өнер көрсетті.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

- Бұқар жырау өз елінің азаттығын аңсады, сонымен қатар шекарасының бүтіндігін аңсады. Бүгін сол баба тілектері орындалып, біз азат, тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Шекарамызды да қазақ тарихында алғаш рет біз шегендедік. Оның соңғы нүктесі осы таяу күндері Ақтау қаласында қойылды. Бұл да біздің Елбасымыздың кезекті ең ірі жеңістерінің бірі.

Ал ұлттық спорттық ойын түрлерінен өткен жарыс тойды қыздыра түсті. Қазақ күресінен екі салмақ дәрежесінде өткен жарыста жеңімпаз атанған балуандарға Toyota 55 пен Toyota 70 маркалы көлік тарту етілді. Ал топ бәйгемен аламан бәйгенің жеңімпаздары Астанадан бір бөлмелі пәтермен Toyota Prado көлігіне ие болды. Шара соңы отшашумен аяқталды.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игіліков

Осы категория бойынша: « Құрбандықты шариғат ережесіне сай шалу үшін Астанада арнайы орындар бекітілген Елордада нөсер салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы