374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыдағы ЖОО жатақханаларында «VIP-нөмірлі» бөлмелер анықталды

  • 167
  • UPD: 11:58, 23.08.2018

Қарағанды облысында 2000-нан астам студент жатақханаға мұқтаж.

Кейбіреуінде оқытушылар мен өзге де қызметкерлер отбасымен тұрып жатыр екен. ҚР  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған арнайы мониторингтік топ мүшелері әлгі фактілерді анықтады.

Жатақханалардағы шатақтар шаш етектен. Тіпті кейбір мемлекеттік университет жатақханасының асханасында спортпен шұғылданатын жабдықтардың орналасқаны анықталған. Енді бірінің кіреберісіндегі тұрғындардың тізімі 2016 жылдан бері жаңартылмаған, яғни тұрғындар жайлы ақпарат нақты көрсетілмеген. Сондай-ақ кезекте тұрған студенттерді арнайы есепке алу деректері де жоқ. 

Тексерістен үш жоғары оқу орнының жатақханасы өтті. Үшеуінде де заң талаптарына сәйкес келмейтін заңбұзушылықтар анықталды. Мысалы, ҚарМУ-дің жатақханаларында студенттерден бөлек оқытушылар мен өзге қызметкерлердің отбасылары тұрған. Оған қоса жатақхананың күзетшісі бейтаныс адамнан 5 мың теңге алып, оның түнеп шығуына рұқсат берген.

Ал мемлекеттік техникалық университеттің жатақханасында шетелдік оқытушыларға арналған жиырмаға жуық «VIP-нөмірлі» бөлмелер анықталды. Осындай бөлменің бірінде ректорат аппаратының қызметкері тұрған.

Бейбіт Жұмабеков, арнайы мониторинг тобының мүшесі:

- Елбасының тапсырмасы болған, бүкіл Қазақстан студенттері жатақханамен қамтылуы керек деген. Ол мақсатта біз Қарағанды қаласында қанша студент мұқтаж екенін арнайы осындай тексеріс барысында анықтап жүрміз. Кейбір университеттер «бізге жаңа жатақхана керек» деп айтуы мүмкін. Ал шын мәнінде керек емес, мұғалімдер тұрып жатыр, бос орындар қалып қойып жатыр.

Тексеріс нәтижесінен кейін жатақханалардың бірнеше қызметкері жұмыстан босатылды. Ал оқытушылар мен өзге қызметкерлердің қолында болған бөлмелер студенттерге қайтарылатын болады. Арнайы мониторингтік топ мүшелері болса, тексерістерді жиі өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов, Аслан Демесбаев

Осы категория бойынша: « Алматыда бірнеше көшенің бағыты өзгерді Петропавлда 5 мың текше метр су сорылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы