367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғанда жүрек қалқаншасына жабық әдіспен операция жасалды

  • 222
  • UPD: 22:10, 24.08.2018

Алматы облыстық кардиология орталығында бүгін алғаш рет жүрек қалқаншасына жабық әдіспен операция жасалды.

Болашақта мұндай ем-шаралар Талдықорғанда тұрақты өткізіліп тұрады. «Облыс тұрғындары бұрынғыдай Алматы мен Астанаға сабылмайтын болады», – дейді мамандар.

Алматы облыстық кардиология орталығында өткен жүрек қалқаншасындағы ақауды эндоваскулярлық әдіспен бітеу операциясын Алматыдағы «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми орталғының хирургы Әзиз Оңласынов жасады. Бұл әдісті  жүрекке кеудені кесу арқылы жасалатын операцияның заманауи баламасы деуге болады.

Рахымберді Сұлтанбеков, облыстық кардиология орталығының бас дәрігері:

- Клиникамыздың тарихында тұңғыш рет эндоваскулярлық емдеу тәсілін енгізіп отырмыз. Бұл әдіс бойынша ауруға наркоз берілмейді. Ашық жүрекке операция жасалынбайды. Ауру жаңағы операциялардың барлығын көріп, біліп жатады.

Эндоваскулярлық әдіс арқылы жүректің жұмысы тез қалпына келіп, науқас аз уақыттың ішінде жазылып шығады. Жүрек қалқаншасындағы ақауды бітеу үшін никель мен титанның қорытпасынан жасалған нитинол материалы пайдаланылады. 

Әзиз Оңласынов, рентгенохирург:

- Жүрек ақауымен екі науқасты біздің әріптестеріміз дайындап еді, соны жабық әдіспен өткіздік. Операциялар сәтті өтті. Бұл клиникада алғаш рет өтіп жатыр. Тағы басқа да ақауларды болашақта емдеп көреміз.

Алматыдан шақыртылған білікті дәрігерлер операция аяқталған соң облыстық кардиология орталығында шеберлік сағатын өткізді. Өйткені жүрек-қан тамыры аурулары көбейіп, жылдан-жылға жасарып барады. Талдықорғандағы бұл клиникада жыл сайын 3 мың науқас емделіп, 5 мыңнан астам адам дәрігер кеңесін алады екен. Мұнда жүрекке жылына 200-ден астам операция жасалады. Соның 20-25 пайызы туабіткен жүрек аурулары. «Кардиохирургияның дамуы көптеген науқастардың ауруынан құлан-таза айығуына оң әсер етіп жатыр. Заман бір орында тұрмайды. Сондықтан болашақта жүрек ауыстыру сияқты өте күрделі операцияларды да осында жасауға талаптануымыз керек», – дейді орталық дәрігерлері.

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Осы категория бойынша: « Мәжіліс депутаттары алматылық зейнеткерлермен кездесті «7-20-25» бағдарламасы: Өскеменде 431 пәтер қолданысқа дайын тұр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы