370,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дағы Бесқарағай ауданында құны 10 млн теңге болатын бірнеше жоба жүзеге аспақ

  • 336
  • UPD: 22:22, 26.08.2018

Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында Елбасының «Болашақққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына орай ғылыми-практикалық конференция өтті.

Оған көршілес Павлодар облысы мен Ресейдің Алтай өлкесінен де делегация өкілдері қатысты. Басты мақсат – өңір тарихын түгендеп, ел мен жерге еңбегі сіңген қайраткер тұлғалар есімін кеңінен дәріптеу.

Көне тарихы мыңжылдықтар қойнауында жатқан Бесқарағай ауданының құрылғанына биыл 90 жыл толып отыр. Жергілікті журналист, өлкетанушы Асылбек Қожахметұлы «Жемісті жылдар» атты кітабын жазуға ширек ғасырлық уақытын жұмсапты. Бұл еңбекте шежірелі өлкенің тәуелсіздікке дейін тыйым салынып, бұрын белгісіз болып келген көптеген ақтаңдары жарық көріп отыр.

Асылбек Қожахметұлы, кітап авторы:

– Ұмытылып, жоғалып кеткен ауылдың аттарын, азаматтарының есімдерін мұрағаттан іздеп отырып таптым. Мәселен, Сәкен Сейфулиннің түрмеден қашып шығып, біздің осы Долон округіндегі Черемушка, Ертіс бойына келіп тығылғаны. Аты атақты Әміре Қашаубаевтың мына Бөдене ауылына келіп, сонда өмір сүргені бар. Алаш арыстарының бірі – Ілияс Молдажанов. Ол негізі біздің Долон ауылынан. Қазіргі Глуховка, Стеклянка деген жерде пошташы болып істеген.

Ауданда «Туған жер» бағдарламасы да сәтті жүзеге асып келеді. Жиынға келгендер сондай іргелі істердің бірі – қайта жаңғырған мешіт үйін аралап көрді. Кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары бірігіп, 6 миллион теңгеге мінажат үйін күрделі жөндеуден өткізіпті. Осы ретте аудан басшылығы туған ауылдарына үнемі тағзым етуден жалықпайтын бірқатар азаматқа арнайы төсбелгі табыстады. Жыл соңына дейін жалпы құны 10 миллион теңге болатын тағы бірнеше жоба жүзеге аспақшы.

Рүстем Қайдаров, «Генералдар кеңесі» республикалық бірлестігінің төрағасы:

– Біздің Президенттің еңбегі «Болашақ бағдар: Рухани жаңғыру» өте керек, қажетті нәрсе. Болашақ патриотты қалай біз дайындаймыз. Өзінің ата-бабасының кім екенін, жерін, топырағын қалай сыйлауды білмеген адам өз елін қорғай алмайды. Сондықтан патриоттық отбасыдан басталады. Сондықтан отбасында бала туғаннан өсіп жеткенше, соны айтуымыз керек, жеткізуіміз керек. Біздің елден, біздің жерден артық еш жер жоқ.

Жиынға келушілер назарына халық ақыны Нұрлыбек Баймұратов туралы сахналық қойылым ұсынылды. Шара соны концертке ұласты.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Осы категория бойынша: « Павлодарлық оқушылар Атырау облысының тарихымен танысты Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері әзербайжан тіліне аударылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы