369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2019 жылғы халық санағына бұрынғыдан 3 есе аз санақ персоналы жұмылдырылады - ҚР ҰЭМ

  • 248
  • UPD: 11:02, 27.08.2018
2019 жылғы халық санағына бұрынғыдан 3 есе аз санақ персоналы жұмылдырылады - ҚР ҰЭМ zhampoz

2019 жылы жүргізілетін халық санағы жұмысына бұрынғылардан гөрі 3 есе аз санақ персоналы (санақ жүргізуге қатысушылар) тартылмақ.

Бұған санақ жүргізудегі заманауи технологиялар мүмкіндік беріп отыр, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2009 жылы өткен халық санағына республика бойынша 80 мыңнан астам санақ персоналы (санақ бөлімінің меңгерушілері, интервьюлер, нұсқаушы-бақылаушылар, мәліметтерді енгізу бойынша операторлар, верификаторлар) қатысқан болатын. Ал 2019 жылғы халық санағына заманауи технологияларды (планшеттер, интернет желісі) қолданудың арқасында Қазақстан бойынша үш есе аз санақ персоналы қатыстырылатын болады», - делінген Ұлттық экономика министрлігінің «ҚазАқпарат» ХАА-ға берген ресми жауабында.

Келесі жылы жүргізілетін халық санағы үшін арнайы сайт қолданылатыны белгілі. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, сайтты қолдана алмайтын немесе интернет желісі жоқ елді-мекендерде тұратын халық әрбір үй-жайды аралауы кезіндегі сауалнамаға жауап беруі арқылы санақтан өткізілетін болады.

«2019 жылғы халық санағын жүргізуге арналған қаражат мөлшері қазіргі уақытта Республикалық бюджеттік комиссияда нақытылануда. Ел үшін халық санағының ерекше маңыздылығы біріншіден жаппай қамту және кең көлемді бағдарлама арқасында жалпы халық туралы ғана емес, оның әкімшілік-аумақтық бірлігі туралы да түрлі ақпараттың баламасыз көзі болып табылуы арқылы анықталады. Халық санағы елдің ұлттық статистикалық жүйесінің құрамдас және ажырамас бөлігі, халық және оның тұрғын үй жағдайы туралы деректердің негізгі көзі. Халық санағының қорытындылары санақ-аралық кезеңде елімізде болып жатқан экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді. Халық санағы барысында алынған статистикалық деректер барлық деңгейлердің бюджеттерін барынша объективті қалыптастырудың негізі болып табылады», - делінген жауап хатта.

Еске сала кетсек, бұған дейін «ҚазАқпарат» ХАА-ның ресми сауалына жауап берген ҚР ҰЭМ Қазақстанда 2019 жылы халық санағы қалай жүргізілетінін атап көрсеткен болатын. Тәуелсіздік алған соң Қазақстанда халық санағы 1999 және 2009 жылдары екі рет өткізілген. 1999 жылғы санақтың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың саны 14 981 281 адамды, ал 2009 жылғы өткізілген санақ нәтижесі бойынша 16 009 597 адамды құраған. Үшінші халық санағы келесі жылдың қараша-қазан айларында жүргізілетін болады.

Осы категория бойынша: « «Қазақстан» Спорт сарайының бассейні күрделі жөндеуге жабылады «Қазцинк» кенішінде топырақ басып қалған машинист табылмай жатыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы