370,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздің Конституциясына енгізілген өзгерістерді түсіндіруге арналған кітап жарыққа шықты

  • 255
  • UPD: 20:11, 28.08.2018

Былтыр Ата заңымызға өзгерістер мен түзетулер енгізілгені мәлім. Нәтижесінде Парламент, Үкімет пен жергілікті органдардың өкілеттілігі кеңейіп, жауапкершіліктері артты.

Бас құжаттың баптарындағы жаңашылдықтарды жұртшылық жақсы ұғуы үшін түсіндірме жарыққа шықты. «Ғылыми практикалық түсініктеме» деп аталатын еңбекте Конституциядағы жаңа тұстар баяндалады. Енді ғана баспадан шыққан жинақ халықаралық конференцияда көпшілікке таныстырылды.

Жаңарған Ата заңнан сыр шертетін жинақпен танысуға әркім асық. Сырттай бақылап едік. Сөрелерге қойылған еңбекті шетелдіктердің өзі бірінші болып қолға алып, қолтықтап кетті. Таныстырылымы халықаралық конференцияда өтті. Алқалы мәжіліске Ресей, Түркия, Болгария, Латвия, Грузия, Әзербайжан сынды бірталай мемлекеттің конституциялық соттарының төрағалары, ғалымдар мен депутаттар келген. Алқалы жиындағы сөз басы мемлекеттік хатшыға берілді. Гүлшара Әбдіқалықова шаршы топтың алдында Елбасының алғы сөзін оқып, мерекелік сәлемін жеткізді.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Бүгінгі таңда елімізде парламенттің, үкіметтің, жергілікті органның өкілеттілігін едәуір кеңейтуге мүмкіндік берген Конституция сәтті жүзеге асырылды. Сіздерді ҚР Конституциясы күнімен құттықтаймын. Конференцияға қатысып отырған баршаңыздың жұмыстарыңыз нәтижелі әрі мазмұнды болуын тілеймін. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Ата заң – көштен қалдырмай, жарқын болашаққа бастайтын темірқазық. Сондықтан заңның жаңаруы заңдылық. Жаңарған басты құжат шетелдік салмақты саясаткерлер мен сарапшылардың арасында да оң пікірге ие болыпты.

Игорь Рогов, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары:

- Конституцияға енгізілген өзгерістерге венециялық комиссия өкілдері жоғары баға берді. Аталған ұйым заң саласында тек Еуропада ғана емес, әлем бойынша жоғары дәрежеге ие. Венециялық комиссияның президенті Джанни Укекио да Ата заңымызға енгізілген өзгерістірге оң пікірін білдірді. Аталған елдің конституциялық сотының төрағасы Борис Вельчев, экс-төраға Папуашвили басты заңымыздың кейбір баптарына қатысты мақалалар жазды. Яғни Констиуциядағы өзгерістер әлемдік аренада өзінің оң бағасын алды.

Енді ғана емес, Ата заң өзінің өміршеңдігін әлдеқайда дәлелдеп қойған. Әубаста Конституция кемел келешегіміздің кепілі демеп пе еді Елбасы.

Қайрат Мәми, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы:

- Конституция өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр. Өйткені қолданыстағы Конституция тыныштықты, экономикалық өсуді, және Қазақстанда құқықтық үстемдікті қамтамасыз етіп отыр.

Фархад Абдуллаев, Әзербайжанның Конституциялық сотының төрағасы:

- Қазақстан қай жағынан болса да, жаңашылдығымен дараланып тұрады. Жаңарған Ата заңдарыңызға да жақсы баға берілді. Біз де осы пікірдеміз. 

Ата заң күніне орай өткен халықаралық конференцияда заңгерлер өзара тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттырды. Жиын барысында еліміздің құқықтық саласына үлес қосқан мамандар марапатталып, «Жас заңгер-2018» байқауының жеңімпаздары анықталды. 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Өмірбек Ізімов

Осы категория бойынша: « Алматыда 2000 бала тегін жүзуді үйренді Астанада жаңа почталық марка таныстырылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы