374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жазда Оралдан Астана мен Алматыға баратын халық пойызға билет таппай әуреге түседі

  • 221
  • UPD: 22:51, 28.08.2018

Батыс қазақстандықтарға жаз айларында, әсіресе жаңа оқу жылы таяғанда Алматы, Астана қалаларына пойызбен қатынау қиынға түседі.

Алдын ала қамданғандар болмаса, сапар мерзімі таяғанда билет іздегендердің жолы болуы екіталай. Әуе көлігінің құны болса шарықтап тұр. Амалы таусылған жұрт пойызға отыру үшін таксимен Ақтөбеге дейін баруға мәжбүр. Осы өзекті мәселе жыл сайын қайталанғанымен, оның түйінін тарқатуға ешкім асығар емес.

Айгүл Ғайсина, кезекші:

- Астанаға қазір билет жоқ. Осы августің аяғына дейін жоқ. Сентябрьге көрсетіп тұр. Тальгоға да солай. Тальгоға жоғары орындар. Тоже бір жұма бұрын болады. 

Бұл теміржол кассасына телмірген жұрттың тамыз басталғалы жиі еститін жауабы. Жеке кассалар көптеп ашылып, билеттер ғаламтор арқылы сатылғасын да мұнда адам аяғы сирек. Ескі жүйемен саудаланса, кезекке көз сүрінер ме еді?! Есесіне пойыздар бос кетіп барады. Мәселен, «Орал-Алматы» пойызындағы орындардың 64 пайызы бос тұр.

Руслан Сақалов, облыстық көліктік бақылау инспекциясының бас маманы:

- Үлкен қалалар бар. Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Тараз. Билеттерді осы қаланың тұрғындары ертерек сатып алатын болғандықтан, Оралдың кісілері осы пойызға билет ала алмай жүрген себебі сол.

Алыс болғандықтан Астана мен Алматыға оралдықтар көлікпен қатынай қоймайды. Темір жолға аяқ артады. «Осы Оралдың пойыздарынан өзге өңірлерге бөлінетін орын лимитін ең болмаса жаз кезінде азайтуға, немесе қосымша вагон шығаруға болмас па еді» деген сауал көптің көкейінде жүр. Себебі билет жоқ. «Тальгоға» табылуы мүмкін, қалта көтерсе. 

Кәмила Оразбаева, студент:

- Көп адамдар машинамен барады да Ақтөбеден табады билетті. Оралдан соңғы кезде тақалып келгенде болмай қалады, бір ай бұрын «семеркаға» болған жоқ. «Тальгоға» жастарға скидка бар ғой. Солармен алмаса, былай 38 мың. Одан да ұшақ.

Вагондардың жай-күйі де көңіл қуантпайды. Жазда қапырық, қыста керісінше. Кейбірінің құрастырылғанына 40 жыл боп қалған. Тіпті таланыңызға кондиционерлі вагон тап болса да, тақияны аспанға атуға асықпаңыз. Аптап ыстықта салқындатқыш істемей, терезе ашылмай, Жайыққа жеткенше жағаға шыққан жайындай болатындар жиі кездесіп жатады.   

Жаңылсын Мұстафина, жолаушы:

- Есік дейтін қирап жатыр. Зарядка жоқ. Хабарсыз осыдан 5-6 сағаттан соң телефон сөнеді ғой. Сонда мына теміржолды қарап отырған бар ғой басшылар, ақшасын алғасын қарау керек, условиесін жасау керек.

Ырысты Шөкеева, жолаушы:

- Осы вагонмен бардық, қиналып бардық. Сеть қыстыратын розетка жоқ. Балалар ата-аналармен байланыссыз болды. Купенің қақын төлеп келе жатырмыз.

Жолаушылардың наразылығы негізсіз емес екенін жолсеріктер де мойындайды.

Кенжехан Машинбаев, №380 «Орал-Алматы пойызының бригадирі:

- Ол вагондар қамтамасыз етілмеген вагондар, 54 бөлікке бөлініп, плацкарттан қайта жасалған вагондар. Қосымша вагондарға мүмкіндік бар. Бір составқа 30 вагон жібере алмайды. 18 вагон, 19 вагонға дейін созады, қосады. Одан артыққа жібергенге вагондар да жоқ, перрондар да сумен қамтамасыз ететін ететін стансалар жетпейді.

Жолаушыларға жайлы жағдай жасалмауы, билет тапшылығы жылда кездесер үйреншікті көрініс. Өкініштісі, осы олқылықтардың орнын толтыруға ешкім шындап көңіл бөлер емес.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Осы категория бойынша: « Атырауда «Қашаған – Қазақстанның болашағы үшін» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті Елімізде судьялық қызметке үміткерлерді іріктеу талаптары өзгертілді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы