369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда сал ауруына шалдыққан балаларға тегін көмекті қайдан алуға болады

  • 287
  • UPD: 12:49, 29.08.2018
Қазақстанда сал ауруына шалдыққан балаларға тегін көмекті қайдан алуға болады astana.gov.kz

Қазақстандағы церебральді сал ауруы диагнозы қойылған балаларға тегін кәсіби көмекті қалай және қайдан алуға болады?

Статистика комитетінің мәліметі бойынша Қазақстанда церебральді сал ауруы диагнозы қойылған 19 мыңнан астам бала бар, олардың тек 20%-ы ғана оңалтудан өтеді, ал қалғандары тиісті орталықтарда орын болмаудың себебімен бірнеше жыл кезек күтуге немесе шетелге кетуге мәжбүр.

Нейро-ортопедиялық бұзылулары бар балалардың ең үлкен үлесі Қазақстанның Солтүстік, Батыс және Оңтүстік аймақтарында тіркелген. «Дені сау балалар» жобасы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен «Қасиетті жол» қоры бірлесе отырып жүзеге асыратын оңалту орталықтарын құруға және осы санаттағы балаларға көмектесуге бағытталған.

Аталған жоба шеңберінде «Samruk-Kazyna Trust» қоры медициналық қызметкерлерге, оңалтуға арналған материалдарға, медициналық қызмет көрсетуге және орталықтарды қажетті жабдықпен қамтамасыз етуге кететін шығындарды жабады. Өз кезегінде «Қасиетті жол» қоры оңалту орталықтарының барлық процестерінің әкімшісі болып табылады.

Бүгінгі таңда «Дені сау балалар» жобасы бойынша Қазақстанда үш оңалту орталығы іске қосылып, тиісті құралдармен жабдықталды. Онда 2643 бала тегін оңалтудан өтіп үлгерді. Орталықтар үздік оңалту құрылғыларымен жабдықталған және онда оңалтудың заманауи әдістерін меңгерген көп салалы кәсіби мамандардың командасы жұмыс істейді.

2014 жылы Астана қаласында №2 Қалалық балалар ауруханасында алғашқы оңалту орталығы ашылды. Бүгінгі күнге дейін орталықта еліміздің барлық өңірлерінен 1741 бала тегін ем алды.

2017 жылдың тамыз айының соңында оңтүстік өңірдің балалары үшін осындай ұқсас орталық Шымкент қаласында ашылды. Осы уақыт ішінде ол орталықта 2 мен 15 жас аралығындағы церебральді сал ауруына, Даун синдромына, туа бітті ауытқулары бар және де басқа да ауруға шалдыққан 525 бүлдіршін тегін оңалтудан өтті.

Әлемдік статистика мәліметтеріне сәйкес оңалту шараларының тиімділігі бала өмірінің бірінші жылында өте жоғары. Балалардың осы контингентінде уақытылы, жан-жақты, үздіксіз оңалту шараларын жүргізу 90% жағдайларда оң әсерін тигізеді және балалардағы мүгедектіктің алдын алуға көмектеседі.

Жоғарыда аталған әсерге қол жеткізу үшін Астана қаласының № 1 Перинаталды орталығында екі жасқа дейінгі балаларға арналған Ерте араласу орталығы ашылған болатын. Қазіргі уақытта орталықтан 377 бала оңалтудан өтті.

Оңалту орталықтарына баланы кезекке қою үшін ата-аналар kzhol.kz сайтына өтіп, немесе 8 (7172)702868 байланыс телефоны арқылы хабарласуларына болады. Ең алдымен қажетті құжаттар тізімімен танысу керек. Кейін құжаттардың скан көшірмесін «Қасиетті жол» қорының электронды поштасына kasiettyzhol@gmail.com жолдау керек немесе Астана қаласы, Қорғалжын тас жолы 8, 233 кабинетке апарып беруге болады. Өз кезегінде қор құжаттарды қарастырып, регламентке сәйкес болған жағдайда баланы кезекке қояды. Кезек келген кезде қордың менеджерлері ата-ананы ақпарататтандырып, тегін оңалту курстарынан өтуге шақырады.

Осы категория бойынша: « Семейліктер ядролық полигон құрбандарын еске алды Ресейдегі «Бейбіт миссия-2018» оқу-жаттығуына Қазақстан әскерилері қатысуда »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы