365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таразда 80 отбасы қоныс тойын тойлады

  • 279
  • UPD: 22:46, 30.08.2018

Тұрғындарға пәтер кілттері табысталып, Ата заң күні мерекелік тарту жасалды.

Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған көппәтерлі тұрғын үйдің табалдырығын алғаш болып әлеуметтік аз қамтылған азаматтар аттады.

Зәулім үйлер бірінші кезекте толық емес отбасылар, жетім балаларға, соғыс ардагерлеріне және ұзақ жылдан бері кезекте тұрған бюджеттік мекеме қызметкерлеріне берілді. Баспаналы болғандардың қатарында 91 жасқа толған Қанткүл Әлібекова әжей де бар. Кейуана тыл ардагері. Ол ұзақ жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбектеніп, шопан болған. Бала-шағасы «Енді аналары қартайған шағында жарық үйде, қолын жылы суға малып отыратын болды» деп қуанып отыр.

Қызайым Оразбаева, қала тұрғыны:

- Сондай қуанышты. Жүрегіміз жарылып тұр қуаныштан. Анамыз 91 жасқа келсе де, барлық бейнетінің алдынан шыққанына қуаныштымыз. Қазір осы бір бөлмелі үйге ие болып отыр. Бұрын жер үйде тұрушы еді. Қазір кіріп-шығуына өте ыңғайлы. Ыстық суы жанында. Барлық жағдайы жасалынған.

Жалпы, жыл басынан бері облыс орталығында көлемі 120 мың шаршы метрден астам үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 13 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтау жоспарда. Бұдан бөлек, биыл өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасымен тағы 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталмақ.

Ғалымжан Әбдірайымов, қала әкімі:

- Тараз қаласында 362 гектар жер бөлініп, инженерлік жүйелері бітіп жатыр. №15 мөлтек ауданда тағы 800 пәтер пайдалануға беріледі. Жаңа орталық ашылып жатыр. Оның бас жоспары бітті. Биылғы жылы сол орталықтың құрылысын бастап кетейін деп отырмыз.

Жаңадан берілетін үйлер мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылмақ. ҚР Ұлттық банкінің Жамбыл облыстық филиалы берген мәліметке сәйкес, бүгінгі күнге дейін аймақта бұл жобамен жалпы құны 92 миллион теңге болатын 10 өтініш қабылданған. Оның 8-і мақұлданды. Қазір баспана кезегінде тұрған азаматтардың жалпы саны 23 мыңға жуық. Оның 16 мыңнан астамы Таразда.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев

Осы категория бойынша: « ШҚО-да Конституция күніне орай 500-ден астам шара ұйымдастырылды Жамбыл облысында есірткі дайындаушы қолға түсті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы