369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда жерге есірткі көміп жүрген 17 жасар қыз ұсталды

  • 254
  • UPD: 13:48, 31.08.2018

Бейресми деректерге сүйенсек, еліміздегі жастардың 60 пайызы есірткіге тәуелді.

Бұл жайында қарағандылық заңгер Ботакөз Аманжолова мәлімдеді. Ең сорақысы, онымен күресуге құқық қорғау органдарының өзі дәрменсіздік танытып отыр. Себебі есірткі таратушылар әбден әккіленіп алған, әлеуметтік желі арқылы жұмыс істейді.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

– Жоғары жалақысы бар жұмыс ұсынатын жарнамалар қазір әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Атқаратын міндетіңіз де ауыр емес. Пакетке түйілген белгісіз заттарды әр жерге көміп шықсаңыз болды. Неғұрлым көп көмсеңіз, соғұрлым көп ақша төлейді. Ал жақын-жуығыңызды қасыңызға тартсаңыз, сыйлық аласыз. Өкінішке орай, осындай жеңіл табысқа алданған жастар қатары қазір күн сайын көбейіп келеді.

Жалғызбасты ананың өрімдей қызы Қарағандыда есірткі көміп жүрген жерінде қолға түсті. 17 жасар жасөспірімді белгісіз біреулер ақшамен қызықтырған. Күніге 40 түйіншек көміп, әрқайсына 800 теңгеден алып отырыпты.

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ІІД МТАБ басшысының міндетін атқарушы:

– Жауап алу кезінде ол азаматша интернет желісі арқылы жұмыс тапқандығын және ол пакетте қандай зат болғанын білмегендігі туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді. Жыл басынан бастап облыстық ІІД-мен синтетикалық есірткі заттары бойынша 35 қылмыстық іс қозғалды. Интернет желілеріне мониторинг жүргізу барысында 14 интернет желілері анықталып, ҚР коммуникация және ақпарат министрлігіне есірткі заттарын жарнамалайтын 10 сайтты жабу туралы хат жолданды.

Өкінішке орай, әлемді шарлаған әлеуметтік желілерге әзір тұсау болмай тұр. Осының салдарынан оң мен солын танымаған аңғал жастар «қараниеттілердің» құрығына ілігіп жатыр. Қарағандыда тұратын мына жасөспірімге де белгісіз біреулер жұмыс ұсыныпты. Бойын үрей билеген кейіпкеріміз түрін көрсетпеуді өтінді.

Қала тұрғыны:

– Ұялы телефоныма хат келді. Қарасам, жұмыс ұсынған. Талаптары бір орыннан бірнеше пакет түйіншектерін алып, оны өздері айтқан жерге көміп шығуым керек екен. Кейін фото түрінде атқарылған жұмысымның есебін беруім керек. Сосын ғана есепшотыма ақша аударады. Мен бұл хабарламаның күмәнді екенін бірден біліп, өшіріп тастадым.

Осылайша елімізде есірткі бизнесі жастардың қолымен етек жайып келеді. Таратушы да көп, тұтынушы да жеткілікті. Мәселен, синтетикалық есірткі алғыңыз келсе, арнайы сайтқа өтініш қалдырасыз. Кейін олар тауардың қай жерде көміліп жатқанын айтады. Бәрі қолжетімді, әрі арзан. Осыдан кейін тәуелді жастардың қатары елімізде күн санап көбейіп жатыр.

Қарағандыдағы «Телевизионная» көшесінің тұрғындарынан қазір ұйқы қашқан. Күнара белгісіз адамдар келіп, маңайды қазады, жоқ іздейді. «Сабақтан қайтатын балаларымыз үшін алаңдайтын болдық», – дейді жұрт. Өйткені тұйық көше олардың арам ойын жүзеге асыруға аса қолайлы болып тұр. Жуырда жергілікті тұрғынның бірі тастың астынан есірткі тауып алған.

Жанна Давлетшина, қала тұрғыны:

– Біз көршілер бір-бірімізді жақсы танимыз. Сондықтан бөтен адам келсе, бірден білеміз. Жақында белгісіз біреулер тастың түбін қазып, бір зат көмді. Кеткен соң ашып қарасақ, пакеттегі түйіншек. Дереу учаскелік полицияны шақырдық. Ол оның «скорость» деп аталатын есірткі екенін айтты.

Нарколог мамандардың айтуынша, синтетикалық есірткілер адам ағзасына өте қатты әсер етеді. Адамның жүйке жүйесі зақымданып, өз іс-әрекетіне есеп бере алмайды. Оны 1-2 рет қолданған адам бірден тәуелді болады екен.

Бірақ ескеретін бір жайт, осы күнге дейін облыстық наркологиялық диспансерге ерікті түрде ем қабылдауға ешкім келмепті. Демек, есірткі тапшы емес. Жастар оп-оңай сатып ала береді. «Ең сорақысы, оны қолданған адамды анықтау, ағзасынан тауып алып, талдау жыл сайын қиындап келеді», – дейді дәрігер Алпыс Аманжолов.

Алпыс Аманжолов, нарколог:

– Алғашқы кезде мұны тауып алатын бізде құралдарымыз болмады. Кейіннен синтетикалық каннабиноид заттарын организмде, биоорталардан, қаннан, зәрден тауып алу әдістері пайда болды. Бірақ бұның жиі-жиі химиялық құрамының өзгерістерге ұшырауына байланысты әр-түрлі қиыншылықтар туындап жатады.

Есірткі құрамының жиі өзгеруі құқық қорғау органдарының жұмысына да едәуір кедергі келтіріп отыр.

«Себебі қылмыскердің қолындағы ұнтақтың есірткі екенін дәлелдеу оңай емес», – дейді олар. Мамандардың айтуынша, соңғы 3-4 жылда дизайнерлік есірткінің түрі 300-ден асқан. Оның барлығы бірдей тыйым салынған психотроптық заттардың тізімінде жоқ екен. «Құзырлы мекемелер осы жылдың мамыр айында тиісті заңға толықтырулар енгізген, бірақ жетілдіретін тұстары әлі де жеткілікті», – дейді заңгерлер.

Ботакөз Аманжолова, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ қылмыстық құқық және криминология кафедрасының доценті:

– Мәселен, жауапқа тартылып жатқан адамның қолындағы заттың «скорость» екенін анықтаймыз. Бірақ біраз уақыттан соң оның құрамы өзгереді. Осылайша келесі құрықталған адамның қолында мүлдем басқа есірткі болады. Оны сараптамаға жіберсек, мамандар анықтай алмайды. Соның кесірінен біз қылмыскерді босатуға мәжбүрміз. Бұл індетпен қоғам болып күресіп, тоқтау салмасақ, түбі үлкен қасіретке әкеледі. Қазірдің өзінде бейресми деректер бойынша жастардың 60 пайызы осы синтетикалық есірткіні тұтынады екен. 

Заңның тағы бір солқылдақ тұсы, тәркіленген синтетикалық есірткінің көлеміне қарай қандай жаза тағайындалатыны көрсетілмеген. Яғни 1 граммен немесе 1 тоннамен түскен қылмыскердің жазасы бір болмақ. «Сондықтан жауапты мамандар заңның осы тұсын да жетілдіру керек», – дейді заңгер Ботакөз Аманжолова. Дегенмен есірткі бизнесімен күрестің ең тиімді жолы, әлеуметтік желілерде таралатын хабарламаларды қатаң бақылауға алу екенін айтады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Әсет Асайынов

Осы категория бойынша: « Ақтөбе облысында мектеп табалдырығын 17 мыңға жуық бүлдіршін аттайды Шымкентте темір қабылдайтындар бақылауға алынды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы