368,46 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкентте темір қабылдайтындар бақылауға алынды

  • 252
  • UPD: 13:50, 31.08.2018

Шымкентте қара темір қабылдайтындар тиісті мекемелердің қарауылына ілікті.

Олар қаншалықты заң шеңберінде сауда жасайды деген сұрақ туындаған. Мысалы, Абай ауданына қарасты Қазығұрт мөлтек ауданында мұндай көлеңкелі бизнеспен айналысатындар көп көрінеді. Тіпті жергілікті полиция 600 азаматқа әкімшілік айыппұл салыпты.

Қазір қара металл саудасының қызған шағы. Дегенмен бұл кәсіппен айналысатындар үлкен жол бойын ретсіз саудаға айналдырып отыр. Қаланың келбеті мен көркін бұзып, тіпті көліктердің жүріп тұруына да өз кедергісін келтіруде екен. «Бұл темірлер тіпті адам денсаулығына да зиян», – дейді мөлтек аудан тұрғыны Сүлеймен Қамбаров.

Сүлеймен Қамбаров, қала тұрғыны:

– Темір қабылдайтын орында радиация қаупі бар деп күмәнданамыз. Неге десеңіз, мұнда автобус тоқтайды. Ал мына жерде темір қабылдайды. Ол кем дегенде 200 метр ары болуы керек.

Заң өкілдері темірді ауласына тау етіп үйген кәсіпкердің өзін сол арадан таба алмады. Қақпасының есігін іштен кілттегендер, тіпті қара металды туыстары уақытша алып келіп тастаған деп ақталды. Абай ауданының прокуроры егер көлеңкелі кәсіпкерлікті дер кезінде тоқтатпайтын болса, тұрғынның үй іргелік жері заң арқылы қайта мемлекетке қайтарылатынын да жеткізді. Себебі халыққа жер кәсіпкерлік мақсатта емес, үй тұрғызу үшін берілген.

Ал темір қалдықтарын тиеген жүк көліктеріне полиция қызметкерлері 20 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салды.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

– Темір қабылдайтындардың барлығы ешқандай заңға сәйкес келмейді. Түннің бір уақытысында ол жерге темірлерді алып келеді. Айқай, шу болады, оны түсіреді. Халықтың демалуына мүмкіндік бермейді. Экологияға да қатты әсерін тигізіп жатыр.

«Тексеру шаралары мұнымен тоқтамайды», – дейді аудан басшысы. Себебі ретсіз сауда мен көлеңкелі кәсіпкерлікке шаһарда жол жоқ.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Осы категория бойынша: « Қарағандыда жерге есірткі көміп жүрген 17 жасар қыз ұсталды Қыркүйектің алғашқы күндерінде ШҚО-да үсік жүреді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы