374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да түзеу мекемелеріне қарасты өндірістік ғимарат кәсіпкерлерге тегін беріледі

  • 134
  • UPD: 08:04, 04.09.2018

Шығыс Қазақстан облысында түзету мекемелеріне қарасты 17 000 шаршы метрден астам өндірістік ғимарат бос тұр.

Бұл жерлер кәсіп ашамыз деген адамдарға тегін беріледі. Кәсіпкерге қойылатын басты талап – сотталған азаматтарды жұмысқа тарту. Өйткені бүгінде облыста 3500 еңбекке жарамды жазасын өтеушінің тек 75 пайызы жұмыспен қамтылған.

Илья Антропов темір тордың ар жағындағы бос ғимаратты тиімді пайдаланды. Өндіріске арналған аумақтардың тегін берілетінін естіген ол өткен қыста бұл жерді рәсімдеп бетонды өнімдер жасауды бастап кетіпті. Қазір түрмедегі 70 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Илья Антропов, кәсіпкер:

- Нарықта бәсекеге мықтымыз. Оның өзіндік себептері де бар. Бұл жерде жұмысшыларға беретін жалақы мөлшері төмен, ғимаратты тегін қолданып отырмыз, тек коммуналдық шығындарды ғана өтейміз.

Ал 22 жастағы Әсет бос өндіріс нысанының бір бөлігінде тауық өсіріп, күніне қала нарығына 250 жұмыртқа шығарады. Әзірге екі жазасын өтеушіні жұмыспен қамтыпты. Солардың бірі – Александр Шестаков. Ол бірнеше ай ішінде құстарды күтіп-баптауды меңгеріп алған.

Александр Шестаков, жазасын өтеуші:

- Тауықтарға күніне 3 рет жем беремін. Күтімін жасап, дұрыс қарасаң, олар да жақсы өнім береді. Тіпті көңіл-күйлерін де сеземін. Осы жерден алған еңбекақымды үйдегі екі балама, әке-шешеме жіберемін.

Кәсіпкерлердің түзеу мекемесі аумағында іс бастауына мемлекеттік мүлікті жалға беру ережесіндегі өзгерістер оң ықпал еткен.

Архат Смағұлов, облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары:

- 2014 жылы мемлекеттік мүлікті жалға беру ережесіне өзгерістер енізіліп, содан бері өндіріс ғимараттарын тегін жалға бере аламыз. Қазір 4 жыл аралығында осы мекемелер аумағында 54 кәсіпкер өндіріс ашты.

Осылайша қазір 765 сотталған азамат темір торда отырса да жұмыс істеп, нәпақасын тауып отыр. Дегенмен бос ғимараттарды пайдалы іске жаратуда кәсіпкерлер белсенділік танытса, бұл көрсеткіш бұдан да арта түседі.

Авторлары: Э.Ахметова, А.Төлепов

Осы категория бойынша: « Қазақстанда 20 млн тонна астық жинау жоспарланып отыр Қостанай облысында орақ науқаны кешеуілдеп тұр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы