369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында оқушылар ескі ғимаратта оқуға мәжбүр

  • 199
  • UPD: 19:39, 05.09.2018
Қарағанды облысында оқушылар ескі ғимаратта оқуға мәжбүр

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Тұзды ауылының оқушылары ескі әкімшілік ғимаратында оқуға мәжбүр.

Себебі мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары әлі күнге аяқталмаған. Аудандық білім бөліміндегілер тендердің кеш өткізілгенін айтып ақталып отыр. Ал ата-аналар болса, есік-терезесі аңғал-саңғал ғимаратта оқып жатқан балаларын күн күрт суытса, қайда апаратынын білмей дал.

Бөлмелері қуықтай мына ескі әкімшілік ғимаратында қазір 144 бала білім алып жатыр. Ұзақ жыл бойы бос тұрған нысанды ұстаздар мен ата-аналар оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда жуып, тазалап алған. Ғимарат жергілікті кәсіпкердің бірінің меншігінде екен. Оқушылар мен мұғалімдердің барар жері болмаған соң, көмек ретінде уақытша пайдалануға берген. 

Маржан Халдарова, оқушы:

- Бұл мектеп суық, тар. Бұрынғы мектепте денешынықтыру бөлмесі болған. Мұнда жоқ. Тезірек мектебімізді жөндеп берсінші.

Іргетасы сонау 70-жылдары қаланған ауыл мектебіне күрделі жөндеу жүргізіледі дегенде, ата-аналардың қуанғаны рас. Алайда тендер тым кеш өткізілген. Осылайша құрылыс жұмыстары қаржы тапшылығынан тек тамыз айында басталыпты.

Сандуғаш Қорабаева, Тұзды ауылының тұрғыны:

- Бірінші сыныпқа келгенде дайындық болған жоқ. «Дайындық болады» деді. «Біз өзіміз» дайындаймыз деді. Оған да келістік. Мектеп мынадай болғаннан кейін... Ертерек ойлау керек еді.

Ауылдағы мектептің бүгінгі сиқы мынау. Құрылыс жұмыстарының тек 30 пайызы ғана аяқталған. Жұмыскерлер ғимараттың шатырын жауып үлгермегендіктен, жаңбыр суы ішке кіріпті. Терезе, құбырлары да әлі салынбаған. Аудандық білім бөлімінің басшысы құрылысты 1 айда аяқтаймыз деп отыр. Бірақ жұмыс шаш етектен.

Әсет Ахметов, Бұқар жырау аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Жобалық-сметалық құжаттар бойынша біз 200 миллион теңге сұраған болатынбыз. Бірақ нақты 107 миллион теңге бөлінді. Сол 107 миллионға біз ішінен керекті жұмыстарды алып, соны қазір өткізіп жатырмыз. Қалған жұмыстарға келесі жылы тағы қосымша сұраймыз.

Қазір құрылыс басында мектептің директоры мен ұстаздары да жүр. Олар асарлатып құрылысшыларға барынша көмек көрсетуде. Күн суытқанша көшіп алуға күш салып жатыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Осы категория бойынша: « Кореялық инвесторлар Қазақстанда клиника салады БҚО-да санитарлық авиация қызметі 200-дей сырқатқа медициналық жәрдем көрсеткен »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы