369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында жерасты суларының деңгейі көтеріліп, 500-ге жуық үйді су басты

  • 392
  • UPD: 09:49, 06.09.2018

Толассыз жауған жаңбыр Ертіс өңіріндегі Екінші Павлодар шағын ауданындағы жағдайды ушықтырып жіберді.

Салдарынан жерасты суларының деңгейі тағы көтерілді. Бүгінде су басқан үйлердің қатары 500-ге жетті. Күз жақындап қалса да, мәселе шемімін таппақ емес.

Үш баланың анасы Зухра Касеинова осы үйді сегіз жыл бұрын сатып алған. Соңғы екі жыл қатарынан резеңке етік киіп, күн кешуге мәжбүр. Жертөлеге жиналған су бір жарым метрге көтеріліп, баспананың іргесін сөгіп жіберген.

Зухра Касеинова, қала тұрғыны:

– Бұл жертөледе жылыту пеші орналасқан. Су кетпесе, үйімізді қалай жылытарымызды білмейміз. Күз де келіп қалды. Суды күнде сорсақ та, судың деңгейі төмендеген жоқ. Құрылғы істен шықты.

Зардап шеккендердің қатарында Айнаш Сүтбаева да бар. Оның баспанасының бір бөлігі суға шыдас бермей, опырылып қалды. Сондықтан нысанды сүруге тура келді. Азаматша қыс түскенше дейін құрылыс жұмыстарын аяқтауға асық.

Айнаш Сүтбаева, тұрғын:

– Көкшетауда жауын-шашын түсіп, жер үйлерді су басқанда төтенше жағдай жарияланды. Зардап шеккендерге өтемақы да төленді. Бізде де осы тектес жағдай. Бірақ біздің жанайқайымызды еститін құлақ жоқ сияқты.

Көктемде мөлтек ауданда су басқан үйлердің қатары 200-ге жуықтаса, бүгінгі таңда олардың саны 500-ге жеткен. Бас-аяғы 15 көшенің баспанасы судың астында қалып отыр. Күрмеулі мәселені шешу үшін алып қазаншұңқыр салынып жатыр. Себебі қолданыстағы сорғылардың қуаттылығы жетпейді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Қазаншұңқырдың құрылысы шамамен бір ай бұрын басталды. Мамандардың есептеуінше, жерасты сулары осы құбырлар арқылы нысанға жинақталуы керек. Десе де, тұрғындар бұған күмәнмен қарайды. Себебі қазірдің өзінде судың деңгейі төмендеген жоқ. Айта кетейік, бүгінгі күні Екінші Павлодар шағын ауданындағы жерасты суларының неліктен көтерілетіні әзірге белгісіз.

Мәселенің себебін анықтаумен алматылық мамандар айналыспақ. Олар Павлодар қаласының гидрогеологиялық картасын әзірлеп, бір жыл бойы зерттеу жүргізеді деп күтілуде.

Қанат Желдібаев, қалалық әкімдігі әкімдігі тж және азаматтық қорғаныс жөніндегі бөлім басшысы:

– Бұл қазаншұңқырдан бөлек, нөсерлі кәріз және дренаж жүйесі тартылады. Алдағы уақытта сорғы құралдары әкелініп, орнатылады. Бұл су деңгейінің төмендеуіне сеп болуы тиіс. Сонымен қатар қазіргі кезде кәріз жүйесі жобаланып жатыр.

Жаңа кәріз жүйесі су басқан 15 көшенің барлығын қамтымақ. Тиісті түзетулер енгізілген соң, жоба мемлекеттік сараптамаға жолданады. Кейін жүйе құрылысы басталады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницукий

Осы категория бойынша: « Қостанай облысы жылу маусымына дайын Елордалық білім басқармасы «Ақша жинауға қарсымыз» акциясын бастады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы