367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өтемақыдан бас тартқан кәсіпкерлер сауда нүктелерін орнында қалдыруды талап етті

  • 195
  • UPD: 21:25, 06.09.2018

Петропавлда әкімдік пен кәсіпкерлердің соты аяқталды. Іскер азаматтар қалалық әкімдіктің олардың сауда нүктелерін сүру жөніндегі қаулысына қарсы.

Ал жергілікті билік өкілдері дүңгіршектер «қызыл сызықтың» үстінде тұр деп, жер иелеріне өтемақы ұсынып отыр. 

Бұл қаланың орталық базары. Кезінде кәсіпкерлер жерді сатып алып, жолдың жиегіне сауда нүктелерін қойып тастаған. Енді олар жарық желілерін жаңартуға кедергі келтіріп тұр. Жобалаушы Тамара Колкованың айтуынша, дүңгіршектер «қызыл сызықтың» сыртына салынған.

Тамара Колкова, жобалау ұйымының жетекшісі:

- Қызыл сызықтан кейін құрылысқа тыйым салынған. Сонымен қатар өрт сөндіру техникасының өтуіне арақашықтық 6 метр болуы шарт. Талап сақталмаған. Бұл жерге көлік сыймайды. 

Биыл қалалық әкімдік сауда нүктелерін сүру жөнінде қаулы шығарды. Онымен 17 кәсіпкер келіспей отыр. Шағымданушылардың айтуынша, шенеуніктердің шешімі заңсыз. Іс сотқа жетті.

Бақытжан Базарбек, жер құқығы заңгері:

- Жерді алмай басқа альтернативті жолы болса, мұндай жағдайда жер алынбайды. Бірақ бұл істі жан-жақты қарасақ, альтернативті жол баршылық. Яғни жобаның өзінде сымдардың өзін, бутиктердің үстіне орналастыратын арнайы мүмкіндік көрсетілген. Сонымен қатар былай қарап тұрсақ, барлық айтқан айғақтар уәждерінің бәрі негізсіз. Көбінесе заңмен белгіленбеген, заңмен негізделмеген. 

Шенеуніктердің пайымынша, жарық желілерін жаңартуға 28 сауда нүктесін сүру керек. Сондықтан олар жер иелеріне өтемақы ұсынып отыр.

Сәбит Қалмұрзин, қалалық ТКШ бөлімі секторының меңгерушісі:

- Тәуелсіз бағалаушы жер телімі мен мүлікті бағалайды. Сол бойынша өтемақы төленеді. Қазір 3 кәсіпкермен келісім жасалды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Сот кәсіпкерлердің талабын қанағаттандырмады. Яғни қалалық әкімдікдің «сауда нүктелері сүрілсін» деген қаулысын заңды деп тапты. Бірақ оның қашан орындалатыны белгісіз. Өйткені іскер азаматтар апелляцияға шағым түсірмек. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Осы категория бойынша: « Қарағанды облысында ауылдағы науқасқа қашықтықтан дәрігерлік көмек көрсету жүйесі енгізілді «Мерейлі отбасы» байқауының ақтық кезеңіне 16 жанұя жолдама алды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы