368,46 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» форумы: Қандай ұсыныстар айтылды?

  • 475
  • UPD: 21:25, 07.09.2018

Шығыс Қазақстан облысының атауын «Алтын алтай» деп өзгерту қажет.

Өскеменде өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форумда белгілі ғалым Ғарифолла Есім осындай ұсыныс айтты. Айта кету керек, аталған басқосу өңірдегі археологиялық жетістіктер нәтижесін қорытындылауға бағытталған. Конференцияға Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева қатысты.

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі атты» форумда соңғы 3 жылдағы зерттеу жұмыстарының нәтижесі жарияланды. Жетістік аз емес екен. Осы уақыт ішінде жалпы 19 мыңнан астам артефакт табылыпты. Солардың біршамасы бүгін көрмеге қойылып, жиналғандар назарына ұсынылды. Лауазымды қонақтар бұл деректер еліміздегі өркениет тарихының қаншалықты тереңде жатқандығын әлемге дәлелдейді деп санайды.

Аида Балаева, ҚР Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі:

– Бүгін көріп отырғанымыздай, шетелдіктер біздің мәдени мұрамызды зерттеуде үлкен белсенділік танытып отыр. Ол дегеніміз, біздің мәдениетіміз бен тарихымыз шет елде насихатталады деген сөз.

Биыл Зейнолла Самашев бастаған Тарбағатай ауданындағы қазба жұмыстары олжалы аяқталды. Елеке сазы қорымынан алтын адам табылды. Киімі алтынмен апталған жас жігіттің мүрдесі біздің ғасырымызға дейінгі 8-7 ғасырға жатады. Дегенмен ғалымдардың сөзінше, археологтарды бұл аймақта әлі талай маңызды ашылулар күтіп тұр.

Зейнолла Самашев, археолог, тарих ғылымдарының докторы:

– Өңірдің ежелгі орта ғасырлық тарихын жазу үшін әлі де ізденістер мен зерттеулер қажет. Мәселен, тас дәуіріне, қола дәуіріне қатысты деректер. Әрине мұндай естеліктерді табу оңай емес. Дегенмен болашақта осы жағына басымдылық берсек пе деген ойдамын.

Жиында Чехия, Түркия, Франциядан келген шетелдік қонақтар да сөз алып, өлкеде табылып жатқан тарихи құндылықтарға жоғары баға берді. Ал философ Ғарифолла Есім қойнауы аңызға толы бұл облыстың атауын «Алтын алтай» деп өзгерту туралы бастама көтерді.

Ғарифолла Есім, ғалым, философия ғылымдарының докторы:

– «Алтай» деген сөзді жиі айтуымыз керек, Алтай – біздің түркі халқының ата мекені.

Жиын қорытындысында «Археология саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту» бағдарламасын тағы 3 жылға созу туралы шешім қабылданды. Егер өткен жолы бұл үшін 450 миллион теңге қаражат қарастырылса, енді одан екі есе артық қаржы бөлінетін болды. Сондай-ақ облыста табылған артефакторға талдау жасап, өңдейтін зертхана ашу жоспарланды. Осылайша аймақтағы археологиялық жобалар бұдан да қарқын алмақ.

Авторлары: Э.Ахметова. А.Төлепов. Д.Пыхтин. Р.Мухамедияров

Осы категория бойынша: « Мәулен Әшімбаев бес әлеуметтік бастама аясында Атырау облысына барды «Армия-2018». Қазақстандық әскерилер үздіктер қатарында »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы