374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда сабантой мерекесі атап өтіліп жатыр

  • 276
  • UPD: 15:56, 08.09.2018

Оралда татар халқының ұлттық мейрамы сабантой өтіп жатыр. Мерекеге өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері түгел қатысуда.

Дәстүрге сай, бұл күні түрлі салада тер төгіп жүрген еңбек адамдары марапатталып, татар халқының ойнақы сазды әндері әуеледі.

- Сабантойдың өзге мерекелерден ерекшелігі неде?

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Ақжайық өңірінде сабантой мерекесі жылдағы дәстүрге сәйкес биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Сабантой» сөзі татар тілінде «жер өңдеу тойы» деген ұғымды білдіреді екен. Мерейлі мерекенің тарихы тым тереңде. Нәпақасын еңбектен тапқан татар халқы көктемгі егіс науқанын осылай ойын-сауыққа ұластырған. Яғни, сабантойды тойлаудың астарында егін бітік шықсын, жиын-терім мол болсын деген халықтың ақ тілегі мен арман-мұраты жатыр.

- Талғат, аталған мереке сіздің өңірде жыл сайын өтіп тұра ма?

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Дала төсі дүбірге бөленер берекелі тірліктің соңына ала «Сабантой» мерекесін тойлау дәстүрге енген. Айта кетерлігі, бұл мейрамның кешегі кеңестік кезеңде ескерусіз қалғаны рас. Еліміз егемендігін алған соң ғана туысқан халық өз құндылығымен қайта қауышты. Сабантой мерекесі қазір ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жауһарларының қатарында.

Сабантой мейрамы Тұңғыш Президент атындағы алаңда өтіп жатыр. Меймандар қатарында Татарстан республикасының президенті Рустам Минниханов та бар.

Ресми делегация басшыларының құттықтауынан кейін еңбек майданында ерекшеленген этномәдени бірлестік өкілдері марапатталды. Боз кілемде білектілер сыналар «татарша корэштің»  жеңімпаздары анықталып, облыс аудандарының көмегімен жасақталған «Дәстүр» атты кең көлемді өнер көрмесінің тұсауы кесілді.

 - Қазіргі таңда сіздің өңірде татар ұлты өкілдерінің саны қанша?

- Еліміздегі тыныштықтың арқасында аймақтағы сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір кешуде. Бұл істе Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосар үлесі зор екенін айта кету керек. Ал, сіздің сауалыңызға келсем, аймақта ақжайық өңірін атамекені санайтын 8 мыңдай татар ұлтының өкілі бар. Олардың тұтастық пен татулықты ту еткен «Татар этномәдени орталығы» атты қоғамдық бірлестігі облыс көлемінде өтетін іс-шаралардың әркез бел ортасынан табылып келеді.

Осы категория бойынша: « Павлодарда жасыл желек оталып жатыр Алматыда республикалық ата-аналар конференциясы өтті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы