365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мамандар оқушылар арасында жиі кездесетін ауруларды атады

  • 321
  • UPD: 23:09, 08.09.2018

Оқушылардың көру қабілеті төмендеп барады.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жүргізген арнайы сауалнаманың қорытындысы осындай. Ойын баласы қолы қалт етсе планшет, гаджетке, одан қала берді теледидарға үңіледі. Бұдан соң қозғалыстан гөрі тапжылмай отырып тамашалайтын ойынға әуес жеткіншектің денсаулығы қандай болмақ?

Смартфон, гаджет, планшет. Жаңа технологияның жетістіктері бүгінгі таңда оқушының әрі қомқоршысы, әрі алданышы. Дұрыс қолдана білсең, көпкөрім пайдасы бар. Ал уақыттың қадірін білмей ұзақ отырсаң, зияны да баршылық. Бұған статистика дәлел.

Айзат Молдақасымова, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жетекшісі:

- Оқушылар арасында жиі тарайтын аурулардың түрлеріне келетін болсақ, бірінші орында көру қабілетінің нашарлауы. Сондай-ақ тірек-қимыл жүйелері сыр береді. Оның ішінде арқа омыртқасының қисаюы көп кездеседі. Үшінші орында жүйке және асқазан-ішек жолының аурулары бар.

Соңғы үш жылда мемлекет тарапынан мектептегі медицина қызметіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Гүлнәр Дыгаева 18 жылдан бері №52 мектепте медбике болып жұмыс істейді. Оның міндетіне алғашқы медициналық көмек көрсетумен қатар сауықтыру, алдын алу жұмыстары да кіреді. Партада дұрыс отырудан бастап дұрыс тамақтанудың қыр-сырына дейін үйретеді.

Талап бойынша осындай «сергіту сәті» қаланың барлық білім ошағында жүруі тиіс. Қарапайым ғана жаттығулардың оқушылар үшін, әсіресе бастауыш сынып балалары үшін пайдасы көп. Соңғы жылдары көз ауруларының 1,5 есеге азаюы соған дәлел.    

Айжан Еркебаева, №52 мектептің мұғалімі:

- Оқушыларға өте қызықты. Балалар өте белсенді түрде қатысып, қосылып отырады. Көңілді музыкаларды қосып, балалардың дене шынықтырудағы жасаған әрбір іс-қимылын қоса отырып би және де жаттығу жұмыстарымен сергіту сәтін орындатып отырамыз.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жүргізген сауалнама тағы бір мәселені анықтады. Қаладағы 10 оқушының біреуі ғана спортпен белсенді айналысады екен. Сонымен қатар жеміс-жидек пен көкөністі мүлдем қолданбайтындар да бар. Сол себепті мамандар ата-аналарға ас мәзірін дұрыстап, саламатты өмір салтын ұстануға кеңес беріп отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев

Осы категория бойынша: « Атырау облысында бюджет қаржысын игеруде заңбұзушылықтар анықталды Семейде жыл басынан бері ЖКО салдарынан екі жеткіншек көз жұмған »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы