374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астаналықтар отбасын кеш құратын болған

  • 185
  • UPD: 13:39, 09.09.2018
Астаналықтар отбасын кеш құратын болған proufu.ru

2013 жылдан бастап Қазақстанда Отбасы күні аталып келеді.

Ол күздің алғашқы айындағы екінші жексенбіде мерекеленеді. Бұл мейрам әр азамат үшін ғана емес тұтастай еліміз үшін маңызды. Отбасы әркім үшін сүйеніш, берік қамал. Елордада қоғамның жаңа ұяшығын құрудың соңғы тенденциялары туралы АХАТ қызметкерлері айтып берді.

2018 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындыларына сәйкес елордада 5454 неке тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде тіркелген неке саны 4960-ты құрады. Осылайша, Астанадағы жас отбасылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артқанын байқауға болады.

Сарыарқа ауданы әкімдігінің АХАТ бөлімі жетекшісі Бахытгүл Шайкенованың мәліметтеріне сүйенсек, қала тұрғындары бұрынғыға қарағанда ересек жасында некеге тұруға бел буады. Осылайша соңғы 20 жыл ішінде некеге тұрудың орташа жасы шамамен 10 жылға өскен. Бүгінгі таңда елорда жастары жасы 25-тен асқанда отбасы құруды жөн санайды.

«Қазіргі таңда жастар бұл мәселені барынша таразылап, отбасы құрады. Бойжеткендер мен ер азаматтар есейген сайын балаларына, жанұясына көп көңіл бөлуге тырысады. Бұдан 10-20 жыл бұрын ата-аналар балаларымен өсетін. Егер 2000 жылдардың басында неке тұру жасы 20-21 жас болса, бүгін бұл көрсеткіш шамамен 7-10 жылға ұлғайып отыр. Қазіргі таңда бұл тұрғыда 25+ жасы кең таралған. Жастар көбіне 28-30 жасында некеге тұрады. Кейбірі тіпті 33 жасында үйленеді», – дейді Б. Шайкенова.

Сондай-ақ спикер қазіргі кезде ер азаматтардың өзінен бірнеше жасқа үлкен бойжеткендерді жұбайы етіп таңдайтынын айтады.

«Бұрын қалыңдықтың жасы кішірек болса, қазір көбіне күйеу жігіт жасырақ. Ер азаматтар өзінен бір-екі жасқа ғана емес, 5-10 жасқа үлкен бойжеткендерге үйленеді», - деп атап өтті Бахытгүл Шайкенова.

Сонымен қатар Астананың жас тұрғындарының шетелдік азаматтармен отбасы құратын жағдайлары жиіледі.

«Көбіне бойжеткендер шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығады. Біздің қыздар Африка елдерінің азаматтарын жар етіп таңдайтын жағдайлар аз емес. Таң қалатыны жоқ. Қазіргі кезде шекара ашық емес пе?! Біздің елдің азаматтары шетелге жиі шығып, жиі саяхаттайтын болды. Әлемнің түкпір-түкпірінде Қазақстан жайлы жақсы білетін болды», – деді спикер.

Айта кетейік, «Неке және отбасы» туралы ҚР заңына сәйкес, ер және әйел адамдар 18 жастан бастап некеге тұра алады. Белгілі себептерге байланысты жергілікті АХАТ органдары неке жасын 2 жасқа ғана азайтады.

Ақпарат көзі: astana.gov.kz

Осы категория бойынша: « Ақмола облысында жылу маусымына дайындық қалай жүруде? Атырауда мола тонаушылар қолға түсті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы