365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодардың санитарлық авиациясы өткен 8 айда 300 рет әуеге көтерілген

  • 206
  • UPD: 15:19, 09.09.2018

Осыдан екі жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем қызметін біріктіру туралы шешім қабылдады.

Бұл шалғайда жатқан ауылдық аймақтарды орталықпен жалғауға мүмкіндік берді. Ал ұшқыр жоба ретінде санитарлық авиацияны енгізуге Қызылорда мен Павлодар облысы таңдалған. «Бүгінде жоба жемісін берді», – деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені өлім мен өмірдің арасында жатқан жүздеген науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Павлодардың санитарлық авиациясы өткен 8 айда 300 рет әуеге көтерілген.

Павлодардың жедел жәрдем стансасы саланың жұмысын жақсартуды бірнеше жыл бұрын қолға алды. Сондықтан жаңашылдыққа ешбір кедергісіз қосылды. Тұрғындардан күніне екі мыңдай шақырту келеді. Қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін барлық жедел жәрдем көліктеріне GPS-навигация орнатылған. 

Райс Баймұрзин, облыстық жедел жәрдем станасының  реанимотолог-дәрігері:

– Екібастұзға шығып барамыз. 1962 жылы туған науқас ауруханаға кеше түскен екен. Біз бүгін таңертең шақырту алдық. Адам өміріне қауіп төніп тұр. Тыныс алу жолдары, диафрагма, барлық бұлшық еттерінің қызметі бұзылған. Шұғыл шақырту. Аялдауға бір минут уақытымыз жоқ.

Қарлығаш Қасиетова, twitter@kasietova

– Санитарлық авиация күніне кем дегенде бес рет шақырту алады. Ауру түрлері де бір-біріне ұқсамайды. Жол апатына ұшырағандар, күйік, тоққа түсу, жағдайы ауырлап кеткен жүкті әйелдер, шала туған нәрестелер. Санитарлық авиация көбінесе көлік қатынай алмайтын, дәрігер тапшы, медициналық мекемелер талапқа сай келмейтін алыс ауылдарға шығады. Осы жазда Баянауылға демалуға барып жартастан құлап кеткен бүлдіршіннің өмірін аман алып қалды. Сол сияқты ауыр науқастар републикалық орталықтарға жеткізіледі. Бір мезетте бірнеше шақырту түскен кездер де болып жатады.

Алмагүл Бейсембинова, облыстық жедел жәрдем станциясы  санитарлық авиация бөлімінің меңгерушісі:

– Тамыздың 1-і күні бірден үш шақырту алдық. Екеуі Екібастұз қаласынан түсті. Қант диабетіне шалдыққан жүкті әйелді үшінші деңгеймен облыс орталығына жеткізу шешімі тұрды. Екінші жағдайда шала туған нәрестеге шұғыл көмек керек болды. Үшінші шақыртумен Баянауылға шұғыл аттануға тура келді. Миының қан айналымы бұзылуының өткір түрінен егде жастағы ер адам зардап шеккен.

Жағдайы күрт нашарлап кеткен кейбір науқастар Астана немесе Алматыдағы республикалық орталықтарға жөнелтіледі. Бұл науқас Павлодарға Астанадан қонаққа келген екен. Оқыс жағдайға тап болған ер адамның денесінің 50 пайызын күйік шалған. Павлодарлық дәрігерлер науқасты республикалық орталықтағы әріптестеріне тапсырды. Мұндай жағдайлар өте көп.

Алмас Мекишев, облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары:

– Санитарлық авиация бізге қосылғаннан бері 2017 жылмен есептегенде 200-ден аса адамға көмек көрсетілді. 2018 жылдың 8 айының ішінде 300 адамға көмек көрсетілді.

Қазір санитарлық авиацияның үш түрі қызмет етеді. Реанимобиль, тікұшақ және ұшақ. Олар ең озық үлгідегі заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мамандар алғашқы көмектен бастап күрделі реанимациялық шараларды уақыт оздырмай жүргізе береді. Павлодардың жедел жәрдем стансасында 165 дәрігер қызмет етеді. Олардың 80-і санавиацияға бекітілген.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Осы категория бойынша: « Атырауда мола тонаушылар қолға түсті Шетел асуға тура келетін теңізшілер енді өз елімізде білім алады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы