365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

BBC World News телеарнасында Жетісу жайлы шағын фильм көрсетілуде

  • 239
  • UPD: 17:50, 10.09.2018

Әлемге әйгілі BBC World News телеарнасында Жетісу жайлы шағын фильм мен бейнебаянның көрсетілімі жүріп жатыр.

Жарнамалық кампания табиғи ландшафт пен тарихи жәдігерге бай өлкенің танымалдылығын арттырып, дүние жүзі бойынша туристер тартады деген үміт бар.

Ғалымжан Қараманұлы, twitter@baiimbet:

– Жарнамалық кампанияның атауы – «Күнге бет алған Жетісу». Жоба авторлары Алматы облысын жаңа қырынан танытуды мақсат етіпті. Режиссердің түпкі ойы бойынша, бас кейіпкер қайыққа мініп, тарих қойнауына сапар шегеді. Осы жолда өткеннің болашаққа бағыт-бағдар сілтеген елестеріне кезігеді. Бірақ жасымайды, жігерлене түседі.

Басты кейіпкердің рөлін актер емес, бұрын-соңды бұл өнермен шұғылданбаған жас жігіт сомдайды. Авторлардың пікірінше, қайықшының шынайы ойнағандығы соншалық, қосымша актерлік дайындықты қажет етпеген. Өткен өмірге жүзіп келе жатып, ол киіз үйді, көшпенділер тұрағын және салт аттыны көзі шалады. Аттылы жауынгер оған Жетісуді көзінің қарашығындай сақтап, болашаққа табыстауды аманат етеді.

Дарья Чернова, жоба режиссері:

– Меніңше, бұл – өте әдемі образ. Ол фильмнің көркін ашады. Алматы облысына ешқашан саяхаттамаған көрерменге ой салып, міндетті түрде баруына себепші болады.

Авторлар Қазақстанның тұмса табиғатына тәнті болғандарын жасырмайды. Олардың айтуынша, шетелдік көрермендер әдемі ландшафтардың Америка емес, Шарын шатқалы екендігін, ерекше таулардың Швейцария емес, Алматының айналасы екендігін көріп, біледі. PR мамандардың пайымынша, көрермен қай жерге саяхат жасау керектігін сол жерге жеткен соң емес, үйде отырып шешеді. Ал ВВС World News сияқты үлкен аудиториясы бар телеарналардағы жарнамалық кампаниялар  –туристер тартуда өте тиімді құрал.

Сергей Становкин, ВВС Worldwide аймақтық өкілдігінің басшысы:

– Тиімділік жағынан алып қарасақ, әлбетте, өте мықты құрал. Бұған жарнаманы күніне бірнеше рет тамашалайтын жарты миллиард көрерменді қосыңыз.

Бұл британиялық «Dars films» компаниясының Қазақстан жайлы алғашқы туындысы емес. Бұған дейін елімізді еуропалықтардың ішінде алғашқылардың бірі болып зерттеген Томас және Люси Аткинскондар туралы фильм түсірген болатын. Сонымен қатар Астананың әсем сәулеті жайлы «Еуразия жүрегі» және Алматының 1000 жылдығы туралы бейнебаяндар дайындаған.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Осы категория бойынша: « Алматыда өтіп жатқан жазушылар форумына әлемнің 17 елінен қаламгерлер келді Өскеменде дәрігерлер екі адамнан АИТВ анықтады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы