365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтау тұрғындары сатып алған үйлеріне кіре алмай жүр

  • 178
  • UPD: 20:44, 11.09.2018

Ақтауда құрылыс компаниясының жауапсыздығынан тұрғындар сатып алған үйлеріне кіре алмай жүр.

Келісімшарт бойынша компания көпқабатты тұрғын үйді өткен наурыз айында салып бітіруі тиіс еді. Алайда үйдің сыртын әрлеу жұмыстары тұрмақ, мұнда жылу мен электр желілері де тартылмаған. Ақшаларын 100% төлеп қойған тұрғындар 6 айдан бері пәтер жалдап жүр. Қыстың көзі қырауда далада қаламыз ба деп қауіптенген тұрғындар біздің арнамызға арызданды.

Көпбалалы ана Қарлығаш Кенжееваның жаңа пәтерді күткеніне 1 жылдай болды. Былтыр күзде баспанасын кеңейтпек ниетпен бұрынғы 1 бөлмелі пәтерін сатып, ақшасын жаңа үйге құяды. Қосымша несие алып, 2 бөлмелі пәтерге 8 миллион теңгесін жұмсайды. Келісім бойынша наурыз айында кіруі тиіс Қарлығаш әлі күнге дейін пәтер жағалап жүр.

Қарлығаш Кенжеева, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Бізге келісімшартта сәуірде деп берген. Одан кейін де неше ай өтті. 5 ай өтті. Менің балаларым мектепке барды. Әлі пәтер жалдап келемін. Пәтер жалдап жүретін біздің ақшамыз да жоқ.

75 пәтерлік көп қабатты үй тұрғындарының барлығы құрылыс компаниясына алданып қалғандарын айтады. Компания мен тұрғындар арасында жасалған келісімшарт бойынша ақшасы төленген соң бір ай ішінде жаңа пәтерге кірулері тиіс еді. Бірақ тұрғын үйді тапсыруды алдымен наурыз, кейіннен тамыз айына созған.

Жұмабек Қазақбайұлы, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Осы үйді алатын болып үйімді саттым. Өзімнің тұрып жатқан үйімді. Сатып, үлкен үйге көшеміз деп бала-шағамызбен. Бір ай үй жалдап тұрыңдар, бір айдан кейін кіресіңдер деді. 2 ай болды, 120 мыңнан үй жалдап отырмын. Қай жерге барсаң прописка сұрайды, не ол жоқ. Тек үйдің келісімшарты бар, сонымен жүрміз.

Алтынгүл Кенебаева, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Ал үйдің сырты міне, көріп тұрсыздар. Ешқандай кәріз жүйесі қосылмаған, жарық түгел қосылмаған, су қосылмаған, сыртқы жағдайын көріп тұрсыздар, астыңғы жертөлесі түгелімен қосылмаған. Кіруге ешқандай мүмкіндік жоқ болып жатыр.

Тұрғындар қалалық әкімдікке арыз жазды. Шаһар басшысынан құрылыс компаниясының заңдылығы мен үйдің сапасын тексеруді талап етуде.

Қуаныш Ниязбеков, құрылыс компаниясының өкілі:

-90%-ы бітіп тұр үйдің. Азғантай жұмыс қалып тұр. Соған шыдай алмай жатыр енді. Мен не істеймін енді.

Нақты қашан бітеді?

- Нақты 1 айда осы жердің қоршауы бұзылып, кіреді барлығы үйге.

Тұрғындар қазан айында қоныс тойын тойламайтын болса, уәдеде тұрмаған компания басшыларын сотқа бермек. Олар сақылдаған сары аязда далада қаламыз ба деп қауіптенеді.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Осы категория бойынша: « «7-20-25»: Баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылып жатыр Қарағанды облысында мектеп құрылысын кешіктірген мамандар сөгіс алды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы