369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Ресей браконьерлерге қарсы бірлескен шара өткізеді

  • 149
  • UPD: 13:53, 12.09.2018

Маңғыстау және Атырау өңірлерінде Қазақстан мен Ресейдің бірлескен «Паутина» атты шұғыл шарасы өтеді.

Екінші кезең 15 қыркүйекке жоспарланып отыр. Мақсат – теңіз маржандарына қол сұққан қарақшыларды құрықтау.

Теңіз қарақшыларын құрықтауға аттанбас бұрын шекарашылар әрбір іс-әрекетін картада белгілеп, пысықтап алады. Су үстіндегі күдікті қайықты тоқтату үшін жауынгерлік катер мен тікұшақ жұмылады. Ал құрлыққа жетіп үлгеріп, жаяу қашатын браконьерлерді мобильді жасақ сарбаздары ұстайды.

Қарақия ауданындағы Сүйе мүйісінде бейсауат жүрген қайық туралы хабарламаны тікұшақта отырып тыңдадық. Дереу сол маңға бағыт алып, жартасты жағалауға тез жеттік. Әскери ұшқыр катерден сытылып кете алмаған қарақшылар амалсыз құрлыққа беттеді. Ол жерге рация арқылы шақыртылған сарбаздар браконьерлерді дереу ұстап, қолдарына кісен салды.

Құрлық пен судан келетін қатерге күндіз-түні қалқан болар шекарашылардың кәсіби шеберлігі осылай шыңдалады. Өйткені шынайы жағдайда қарумен жүретін қарақшыларды құрықтау үшін көзсіз батырлық пен ұтқыр қимыл қажет.

Талғат Исламұлы, twitter@Talkin_84

– Биыл Маңғыстау облысында шекара бұзған 13 шетелдік құрықталды. Барлығы бекіре аулау мақсатында Каспийдің қазақстандық бөлігіне рұқсатсыз кірген. 9 дағыстандық пен 4 Әзербайжан азаматына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, үкім шыққандары түрмеге қамалды.

Талғат Төребаев, ҚР ҰҚК ШҚ жағалау күзеті аймақтық басқарма басшысының орынбасары:

– Барлығы Каспийдің солтүстік бөлігінде, яғни Маңғыстауға қарайтын Баутино елді мекені мен іргелес Атырау өңірінде құрықталды. Заңға сәйкес олар 1 жылдан 2,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Қазақ жерінде жазасын өтеп шыққан соң, елдеріне қайтарылады.

«Паутина» шұғыл алдын алу шарасы алдында қазақ-ресей шекарашылары Каспий маңындағы Маңғыстау, Атырау және Астрахань тұрғындарымен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Заң бұзушылардың тәртіпке тартылатыны қатаң ескертіледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Дүсәлиев

Осы категория бойынша: « Қостанай облысында электр қуатының бағасы арзандады Қарағанды-Теміртау бағытындағы жол қайта жөнделетін болды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы