365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында «Жартас-2018» тактикалық оқу-жаттығуы өтті

  • 185
  • UPD: 00:33, 13.09.2018

Алматы облысында «Жартас-2018» бірлескен тактикалық оқу-жаттығуы өтті.

Халықаралық деңгейдегі шараға ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдер Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Армениядан келген 600-ден астам төтенше жағдай қызметінің мамандары қатысты. 

Оқу-жаттығудың сценарийі бойынша зілзала болған жерге ең алдымен құтқарушылар шұғыл жетеді. Табиғи апаттан өнеркәсіп орындары қирап, коммуникация жүйелеріне орасан зор нұқсан келді. Ұшақ өртеніп, шойын жол бұзылды. Салдарынан адам өміріне қауіп-қатер төнді.

Алмас Садуақас, тілші:

- Табиғи апат, техногендік апатқа ұласты. Дәл осындай сәтте аймаққа ең бірінші тікұшақтар және өрт сөндірушілер шұғыл жетіп, қауіптің бетін уақытында қайтаруы керек.

Дәл осындай апатты жағдайдан соң төтенше қызметке артылар жауапкершілік орасан. Тікұшақтар әуеден аса қауіпті орындарды анықтайды. Өнеркәсіп орнындағы  ауаға тараған радиоактивті әрі химиялық заттардың зардабын азайту үшін өрт сөндіру қызметі шұғыл әрекетке көшеді. Бұдан кейін құтқару-іздестіру жасақтары тегеурінді іске кіріседі. Құтқарушылар үйінділер астында қалған жандарды іздеуге арнайы дайындалған иісшіл иттердің көмегіне жүгінеді.

Юрий Ильин, ҚР ІІМ орынбасары:

- Оқу-жаттығу кезінде құтқару қызметінің дайындық деңгейі анықталады. Дәл осындай ауқымдағы өзара іс-қимыл бұрын болған жоқ. Мамандар да үнемі жаңарып отырады. Олар кез-келген төтенше жағдайға кәсіби тұрғыдан дайын болып,  техниканың барлық түрін жақсы меңгеру қажет.

«Жартас» бірлескен оқу-жаттығуы кезінде әуеде, жер мен суда құтқару қызметтері барлық тапсырманы талапқа сай орындап шықты. Меймандарға еліміздегі  заманауи құрал-саймандар мен озық техниканың мүмкіндіктері көрсетілді.Жаттығуға барлығы  630 өрт сөндіруші мен құтқарушы қатысып, 150 арнайы техника мен 5 тікұшақ жұмылдырылды. Соңында үздік мамандар марапатталды.

Авторлары: Алмас Садуақас, Эдуард Кон

Осы категория бойынша: « АҚШ-та қатерлі ісікті емдеудің тың тәсілі сәтті жүзеге асты Еліміз жол салудың жаңа әдісін ТМД-да алғашқы болып қолданып жатыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы