364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғанда ішкі істер органдарын цифрландыру оң нәтиже беріп отыр

  • 224
  • UPD: 11:11, 14.09.2018

Ішкі істер органдарын цифрландыру жұмыстары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге оң әсер етіп отыр.

Ол үшін барлық облыс орталықтарындағы ішкі істер басқармаларының жанынан жедел басқару орталықтары ашылғаны белгілі. Енді мұндай орталықтар еліміздегі өзге де шағын қалаларда құрыла бастайды.

Талдықорған қаласы бойынша бастапқыда небәрі 16 бейнебақылау камерасы орнатылса, қазір Алматы облысының орталығында «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз аула» полицейлік бағдарламалары бойынша 669 бейнкекамера жұмыс істеп тұр. Тәртіп сақшылары осы заманауи құрылғылардың көмегімен көшеде жасалған құқықбұзушылық пен қылмыстық істерді дер кезінде анықтауда. Биылғы жылдың алғашқы 8 айында Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығына 79 мың құқықбұзушылық пен оқыс оқиғалар туралы хабарлама келіп түскен. Соның 26 мыңнан астамы тіркелді. Бейнебақылау камераларының көмегімен өткен 8 айдың ішінде 7 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 91 қылмыстың ізі суымай ашылды.

Бауыржан Шайзанов, қалалық ІІБ жедел басқару орталығының басшысы:

- Бейнебақылау камераларының біздің күнделікті жұмысымызға өте маңызды көмегі бар. Неге десеңіз, біз бейнекамерадан көріп, рация арқылы полиция қызметкерлеріне мәлімет беріп, олар шұғыл әрекеттерін қолданады. Жиі кездесетін құқықбұзушылық - көлік тонау. Аккумулятор ұрлайды, дөңгелек ұрлайды және және көшедегі қылмыстар. Ол көбіне бұзақылық.

Алдағы уақытта Талдықорған қаласындағы «Самал», «Жастар» ықшам ауданы мен Үйтас, Ащыбұлақ, Шайқорған сияқты саяжай аумақтарына қосымша 202 бейнебақылау камерасы орнатылады.

Цифрландыру үдерісі Жамбыл облысында да қарқынды жүріп жатыр. Мұнда әкімшілік құқықбұзушылық пен қылмыстық іс жүргізу электронды түрде жүзеге асырылуда. Жаңа жүйе арқылы жыл басынан бері 42 мыңнан астам хаттама толтырылып, 192 миллион теңге айыппұл салынған. Өңір полицейлері 175 дана арнайы планшетпен қамтамасыз етіліп, жұмыс істеуге көшті. Бұл тәртіп сақшыларының Ішкі Істер министрлігінің базасына оңай кіріп, қажетті ақпаратты жедел алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар қылмыстық істер де электронды түрде жүргізіле бастады. Жобаға әзірге жеңіл санаттағы қылмыстар енгізілген. Желтоқсан айына дейін орта санаттағы қылмыстар енсе, 2021 жылға дейін ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша істер электронды түрде жүргізіледі.

Жарасхан Ақбердиев, Жамбыл облыстық ІІД басқарма басшысының орынбасары:

- Биылғы жылдың 8 айында Жамбыл облысының ІІД аудан, қала бөіліністерінің барлығымен 480 қылмыстық іс электронды форматта өндірісте болған. Оның 163-і сотқа жолданған болатын. Бүгінгі таңда 162 жұмыс орны бекітілген. Яғни компьютер, стилус, гарфикалық планшет барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Осылайша аталған саладағы әкімшілік іс-жүргізу өндірісі біртіндеп электрондық форматқа көше бастады.  Ал жедел басқару орталықтары қазір Семей мен Жаңаөзен, Рудный, Щучинск, Хромтау сияқты шағын қалаларда жұмыс істеп тұр. 2019 жылы Қапшағай, Риддер, Теміртау, Степногорскта құрылады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Руслан Бақытбекұлы, Қуаныш Түргенбаев

Осы категория бойынша: « Елімізде жол апатындағы адам шығыны азаймай тұр Кәсіпкерлердің қант тапшылығы туралы болжамы расталмады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы