374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қалмұханбет Қасымов отставкаға кете ме?

  • 314
  • UPD: 20:32, 14.09.2018

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың отставкаға кете ме?

Бұл соңғы кездері қоғамда жиі талқыланып жүрген сұрақтардың бірі. Әсіресе, осыдан бір жарым ай бұрын әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімінен кейін ведомство басшысының қызметіне көңілі толмайтындар көбейді. Тіпті Алматыдағы бірқатар қоғам белсенділері Қалмұханбет Қасымовтың отставкаға кетуін талап еткен болатын. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде сала басшысы осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Отставкаға қатысты айтатын болсақ, біз – әскери адамдармыз. Қайда бұйырса, сонда жұмыс істейміз. Үкімет қалай шешеді, солай болады. Президент шешеді.

Жалпы Қалмұханбет Қасымов министр қызметін 7 жарым жылдан бері атқарып келеді. Осы уақыт аралығында ол Үкімет құрамынан 3 мәрте шығып, қайта қосылған болатын. Бұған министрлер кабинетінің сонша рет тарап, қайта жасақталуы себеп.

Айта кеткен жөн, елімізде тұтас ішкі істер органдарының қызметі де жиі сынға ілігіп жүр. Ал ведомство басшысы болса, «енді олқылықтардың орнын толтыру үшін халықаралық тәжірибелерді енгізіп, сала жұмысын толықтай жаңғыртамыз» деп отыр. Сонымен бұл салада нендей өзгерістер болуы мүмкін?

Рауан Мыңбаев, тілші:

- «Балық басынан шіриді» демекші, кей кезде полицейлердің өзі пара алып, істі болып жатады. Барлығы бірдей болмаса да, антқа адал болуы тиіс тәртіп сақшыларының кейбірі осындай қылмысы үшін жауапқа тартылуда. Осы ретте, өзге елдердің тәжірибесі еске түседі. Әсіресе, Грузияның ішкі істер органдары осыдан оншақты жыл бұрын полицейлер арасында тазарту жұмыстарын жүргізіп, қызметкерлер санын 82 мыңнан 20 мыңға дейін қысқартқан болатын.

Десе де, бізде дәл осындай үлкен реформа бола қоймаса да, Қасымовтың қатаң жоспары бар секілді. Ол үшін полиция қызметкерлерінің санын 10%-ға қысқартуды көздеп отыр. Сондай-ақ мемлекеттік органдар ғимаратындағы күзеттен мүлдем бас тартуы мүмкін. Бұл қызметті министр басқа салаға беруге ниетті.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Біз полиция қызметкерлерінің 10%-ын қысқарта аламыз. Үнемделген қаржы сала мамандарының жалақысын көтеруге бағытталады. Аттестация жүргізіп, үздіктерін іріктеп алмақпыз. Сонымен қатар күзеттен мүлде бас тартпақ ойымыз бар. Бүгінгі таңда 76 мың полиция қызметкерінің 15 мыңы күзет жұмысын атқарады. Бұл міндетті бәсекелес салаға жүктеген жөн.

Полицейлер жалақысын көтеру қажеттігі бұрыннан айтылып жүрген өзекті мәселе. Бұл ретте де Грузияның тәжірибесін ескере кету қажет. Ондағы полицейлердің еңбекақысы 2 мың доллардан кем емес. Аз жалақыға қарамастан қазақстандық полицейлердің жұмысы мүлдем нәтижесіз деп айтуға келмейді. Себебі жыл басынан бері ел аумағында жасалған аса ауыр қылмыстар 8%, ал жеңіл санаттылары 15%-ға кеміген. «Айталық, мас күйінде көлік жүргізу 11%, ал жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық 4%-ға азайды»,- дейді сала басшысы.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Елімізде ұрлық-қарлық азаяр емес. Ол жалпы қылмыстың 70 процентін қамтып отыр. Мәселен, Алматы қаласы мен Ақтөбе, Алматы және Ақмола облыстарында көрсеткіш жоғары.

Қасымовтың айтуынша, қылмысты алдын алудың көп деңгейлі жүйесін құру қажет. Ол үшін құқық қорғау органдарымен орталық және жергілікті атқарушы мекемелер қоян-қолтық жұмыс істеуді талап етеді. Мәселенің шешімін табу үшін жедел басқару орталықтарының санын арттыру да жоспарда бар. Полицияның күш-қуатын тиімді пайдаланып, қылмыс болған жерге тезірек жету үшін тиімді жүйелермен облыс орталықтары түгел қамтылған. Енді келер жылы шағын қалалар Қапшағай, Риддер, Теміртау және Степногорда ашылуы тиіс.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Тұрғындардан «102-ге хабарласа алмаймыз» деген шағымдар көп түседі. Бұған бір жағынан altel, tele2 және kcell операторларының дұрыс қызмет көрсетпеуі себеп. Бірақ қазір бұл олқылықтардың орнын толтырып жатырмыз. Енді абонент 6 секундта қана желіде болып, кейін диспетчермен тілдесе алады. Сондай-ақ біздің де мамандарға қатысты шағымдар бар. Сондықтан диспетчерлік қызметте отыратын операторлар санын арттыруды жоспарлап отырмыз.

Айта кеткен жөн, жол қауіпсіздігі саласындағы көрсеткіштер де көңіл көншітпейді. Дәлірек айтқанда, елімізде қанша жерден заң күшейтілсе де, жол апаттарының саны азаяр емес. Биылдың өзінде, мас күйінде көлік тізгіндеген 17800 жүргізуші ұсталды. 26 мыңға жуығы сот шешімі бойынша куәлігінен айырылды. Ең сорақысы, былтыр жол үстінде 2086, ал биылғы тоғыз айда 1251 адам жан тапсырған.

Авторлары: Рауан Мыңбаев

Осы категория бойынша: « СҚО-да биыл рекордтық деңгейдегі астық шықты Қостанайлық шаруаларға 29 млрд теңге субсидия бөлінді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы